Әулиекөлдіктер ардагерлерді құрметтеді

Аулиеколь_ВетераныҮлкенге  ізет, кішіге өнеге көрсету Әулиекөл  ауданында  игі  дәстүрге  айналған.  Әсіресе,  ардагерлерді  құрметтеуді  ұмыт  қалдырмайды. Таяуда  олар  Қостанайдан бір топ  соғыс  және  еңбек  ардагерін қонаққа  шақырды.  Әулиекөлдіктердің  ұсынысын  облыс  орталығындағы "Ата"  қоғамдық  қоры қолдады. Арнайы, бөлінген автобуспен отызға жуық қария аталған  аудан  орталығының  шетіне жеткенде, оларды  жастар  қарсы  алды. Аудан  әкімінің  орынбасары  Роза Нұғыманова  бастаған  өнерпаздар қонақтарға жырдан шашу шашты. 
Қонақтар алдымен  С.Баймағанбетов  атындағы  мектеп-гимназияға ат  басын  бұрып, Кеңес  Одағының  Батыры  Сұлтан  Баймағанбетовтың   ескерткіші жанында өткізілген  салтанатты жиынға  қатысты. Аудан  әкімі Амантай  Балғарин  бастаған  ардагерлер батырдың  ескерткішіне гүл  шоғын қой- ды.
Аудан  әкімі  Амантай  Балға-рин,  мектеп  директоры  Салтанат Мақсұтова  және  қонақ  ардагерлер  Сұлтан Баймағанбетовтей асыл ердің  Отан үшін жанын пида еткенін дәріптеп, сөз сөйледі.
Мектеп  оқушылары да  Жеңіс күніне арналған мерекеде ерекше  қуанды. Олардың:
Жүрекке адалдықтың ескен  гүлін,
Ғажайып келешектің төккен  үнін.
Ардақты ағаларға  шын  көңілден,
Жолдаймыз  алғыс пенен сәлем  бүгін , – деген жыр  шумағындағы үні  соны растағаны  емес пе? 
Қонақтарды  әулиекөлдік тың  игерушілер, Отан  соғысы және  еңбек,  Ауған соғысының  ардагерлері бастап  келген  болатын. Бұлар – кезінде ауданның  экономикасын  дамытып,  мәдениетін  құлпыртуға  үлес  қосқан саңлақтар.
 Игі  шара мәдениет  үйінде  жалғасты. Аудан әкімі  Амантай  Балғарин  жиналғандар алдында  сөз сөйледі.
– Құрметті ағалар  мен  апалар,  сіздермен  Отан  қорғаушылар күні  және Отан соғысының Ұлы  Жеңісі күні  қарсаңында  кездесудеміз. Мақсатымыз – сіздерге  құрмет  көрсете  отырып, ауданның  көркеюіне қосқан еңбектеріңізге  баға беру . Сіздер ынтымақтастықтың,  бірліктің  гүлін ектіңіздер. Адал  еңбектеріңіз әділ бағаланып, ордендермен,  медальдармен марапатталдыңыздар. Мұны  адамгершіліктің жоғары үлгісі есептеп,  жастарға  үлгі  етуіміз  керек,  –  деді  Амантай  Кәкімбекұлы.
 Аудандық  ардагерлер кеңесінің  төрағасы  Әкімбек  Қабденов бейбіт өмірді сақтаудағы  адамзатқа тән асыл  парызға  жастардың  да үлес қосуы  керектігіне тоқталды. Жас отан  қорғаушылар  алған  білімін, еңбектегі жетістігін  еліміздің  жарқын  болашағына арнауы  қажет  екенін  тілге  тиек  етті.
Жетпісінші  жылдары  Семиозер  аудандық  партия  комитетінің  бірінші  хатшысы  қызметін  атқарған  Леонид Лемперт Қостанайдағы "Ата"  қоғамдық  қоры  (басшысы Марат Қабдысалықов) басын  қосқан ардагерлер атынан ыстық ықыласпен  қарсы  алғандарға алғысын  білдірді.
Салтанатты  жиында соғыс  ардагерлері  –  Алдаберген Қаскин, Василий  Гуменюк, Владимир Приставский, Василий Чалыйлерге,  тыл еңбеккері Қазкен Оспановқа мерекелік  медалін Дәуренбек Ахметбеков пен Александр Середенко  табыс етті.
 Ақ жаулықты  қонақ  әжелер  –  Айжарқын  Абзулинова мен Қайныш Бураншиналар тың игерушілерге жастардың тағзым жасағанына  ризашылығын білдірді.
Айта  кету  керек,  "Ата"  қоры  қариялар ұсынысын  үнемі  қызу  қолдап  отырады.  Қоғамдық  қордың  мүшесі Қайырбек  Қабиев  бүгінгі кездесуді  ұйымдастыруды ұсынған екен. Іс-шара жоғары  деңгейде  өткізілді.
 Мәдениет  үйіндегі шараға қатысқандар Социалистік  Еңбек  Ері  Қабидолла Тұрғынбаевтың ескерткішіне гүл  шоғын қойды. 
 Ардагерлерге  "Жетікөл"  кафесінде  арнайы дастархан  жайылып, қонақасы  берілді.
 Ермекбай
     ХАСЕНОВ
Әулиекөл  ауданы.
Суреттерде: Әулиекөл  ауданына  қонаққа  барған бір  топ  ардагерлер. 
Коллажды жасаған Денис Власенко.
 

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓