Орталық алаң көлік қозғалысына ашылды
Қала әкімдігінің баспасөз қызметінің хабарлауынша,Тәуелсіздік көшесіндегі жөндеу жұмыстарына байланысты 14 мамырдан бастап орталық алаңда жеңіл көліктерге жүруге уақытша рұқсат етілмек. Көлік қозғалысы әл-Фараби көшесі бойында, Баймағамбетов және Алтынсарин көшелер аралығында ашылады. Болжам бойынша бұл жол бір ай шамасында ашық болады және тек жеңіл көліктер ғана жүреді. Қоғамдық көліктер қозғалысы өзгермейді. Келтірілген қолайсыздықтар үшін Қостанай қаласының Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі тұрғындардан кешірім сұрайды.
Қостанайлықтар Тәуелсіздік көшесіндегі жөндеу жұмыстарына байланысты көлік кептелісіне шағым білдірген еді. Сонымен қатар, облыс әкімі биыл әкімдік алдындағы тастарды ауыстыру керектігін айтқан, соған байланысты қала басшылығы осындай қадамға барып отыр. Күзге дейін орталық алаң тұтастай жаңартылмақ.
Суреттерді түсірген Бердіболат КӨРКЕМБАЕВ.