Сабыр
Сабыр атаның бұл тағдырдан көрмеген құқайы жоқ шығар. Отыз екінің аштығы, соғыстың зардабы, бәрінен де ең ауыр қасірет – ол алты баласынан айрылды. Бірақ ардагердің рухы сынбады. Әр күніне тәуба деп, еңсесін тік ұстауға тырысты.
Бүгінде ардагердің төрт қызы аман-есен. Жарық дүниемен ерте қоштасқан алтауының артынан ұрпақ тараған. Осының өзі қарт көңілге медет. Сабыр атамыз үшін Ғалымбегінің орны тым бөлек еді. Ғалымбек небары жиырма бес жасында қыршынынан қиылып кете барды. Өзіне тартқан кітапқұмар, зерек болып өскен оны көргендер "мына балаңа көз тиеді" дейтін. Қазақ Ұлттық университетінің журфагын 1972 жылы бітіріп, Торғай, Арқалық жұртшылығын ақпаратпен сусындатты. Баласының ел алдында жүргені әкені әркез марқайтып, бойын мақтаныш сезімі кернейтін. Алайда, бұл бақыт көпке созылмады.
– Екінші мүшелінен жеті күн асқанда көз жұмды. Елпілдек, кішіпейіл бала еді өзі. Жұрттың көз тиеді дегені келді-ау, – деп қолындағы ұлының суретін бір сипап, иегі кемсеңдеп кетті. – Ғалымбектің зайыбы қазір Алматыда, ұлы Жәнібек сондағы құрылыс компаниясының абыройлы қызметкері. Хабарласып, хәл-жағдайымды сұрайды үнемі. Біздей қамкөңіл қартқа бір жылы сөздің өзі дәтке қуат, қарағым…
Шамалы үзілістен соң, ардагердің әңгімесі соғыс тақырыбына қарай ауысты. Әуелі әкесі Батырғали Серкебайұлы екі жыл соғысып, ауыр жараланып елге оралады. Сосын басқа замандастарымен қатар, бұған да майданға аттануға тура келді.
"Жанкелдин ауданының Көлқамыс елді мекенінде туғанмын. Соғысқа дейін де қиындықтар аз болған жоқ. Жеті жасымда Голощекиннің қолдан жасалған нәубетін көрдім. Зорман етін жедік. Тоғыз жасымда мектепке бардым. Ауылдағы бір үйді босатып мектеп қылғаны жадымда. Алғаш болып оның табалдырығын он бес бала аттадық. Жетінші сыныпты бітірісімен, майданға кеттім. Қанды қырғынға Торғайдан қырық бес жігіт жөнелтілдік. Бізді бірінші Шұбаркөлге апарды. Барсақ, онда да аштық, тамақ жетіспей жатыр. Сол жерде екі-үш ай дайындалып, үшінші Белоруссия майданына лап бердік. Маған командирлер "байланысшы боласың ба?" деген, "орысша білмеймін, автоматшы боламын" деп, қолыма қару ұстадым. Қиян-кескі ұрыстарда әлгі қырық бес торғайлықтан екі-ақ жігіт қалдық. Бізді орталықпен байланыстыратын "катушка" деген құрал болатын. Снарядтар жарылып жатқанда, құрығырдың үзілген сымын жалғап жүріп, көз алдымда жолдасым әрі жерлесім Сүндетбай Алин оққа ұшты. Мен төрт жерден жараланып, есімнен танып қалыппын. Үш айдан артық госпитальде жатып, соғысуға жарамсыз дегесін, 1945 жылы елге жіберді".
Оқтар қарша бораған сұрапылда өмір мен өлім арасы бір-ақ қадам десек те, ол от кешіп мыңдаған шақырымдарды артқа тастады, Отан үшін күресті. Орел, Могилев, Гомель және Минск шаһарларын басқыншылардан азат етуге қатысты. Бірінші дәрежелі ҰОС орденімен марапатталған. Одан өзге де әртүрлі деңгейдегі жиырмадан астам төсбелгілері бар.
Сабыр ата соғыстан кейінгі жылдары көптеген қызметтерді атқарды. Кейін оған "партия мүшесісің, милицияның учаскелік өкілі боласың, басқа қызмет бермейміз" деген соң, қызыл жағалы атанып, қоғамдық тәртіпті күзетті.
– Хрущевтің түрмедегілерді босатып жіберген кезі емес пе, сонау бір жылдары ешкімнің милицияда жұмыс істегісі келмейтін. Айлығы да мәз емес, абырой әпермейтін. Әйтсе де, кейін беделі артып, қызығатындар көбейді ғой. Мен органда 15 жыл істедім, – дейді атай. – Арқалық қаласындағы аса қауіпті қылмыскерлер қамалатын қатаң тәртіпті абақты баршаға мәлім. Содан төрт қылмыскер қашып кетіп, елдің зәре-құтын алып шулатқаны бар. Соларды Амантоғай жолында ұстап алып, аяқ-қолдарын матап, ұшаққа салып жібердім. Төртеуі де нағыз жауыздар еді, біреуі желкемнен пышақ сұға жаздады. Шапшаң бұрылып, қолын қағып үлгердім. Осынау кішігірім ерлігіміз өңірдегі газетке басылған кезінде, – деп майдангер үйінде сақталған көне басылымдарды көрсетті. Басылым демекші, атамыз мемлекеттік тілде шығатын мерзімді баспасөздердің бірерін шамасы келгенше жібермей, жаздырып алып отыр. "Қостанай таңы" да қарт жауынгердің сүйікті газеті. Көзінің ауырғанына қарамай, кітап оқуын әлі қояр емес. Қоғамдағы тіл, дін мәселелері ақсақалды да алаңдатып жүр.
– Өз тілін білмейтіндерді түсінбеймін. Ата-бабамыз жерді өз ұлттық құндылықтарына немқұрайлы қарайтын ұрпақ өсіру үшін емес, ешкімге жалтақтамайтын тәуелсіз ел болу үшін қорғады ғой, – деп күйінеді.
Майдангер Сабыр Батырғалиұлы қазір Затобол кентінде немересі Бауыржанның қолында тұрып жатыр. Қарияның ендігі тілегі – 13 немересі мен 15 шөбересінің бақытты болашағы. Қазыбек, Толғанай, Бейбарыс, Ақтоты, Аягөз есімді шөберелері де аталарының аман-есен жүре бергенін қалайды. Өйткені, маңдайынан бір иіскетіп, атасының өнегелі әңгімесін тыңдау оларға бір ғанибет.
Аслан ЖАҚСЫЛЫҚҰЛЫ.