Жетпіс жылдан соң бауырын тапты

IMG_6489Отты жылдардың қасіретін көзбен көріп, тауқыметін тартқан жандардың қатары уақыт өткен сайын сиреп барады. Соғыс өрті тұтанған шақта жарық дүниеге келген сәбидің өзі бүгінде немере сүйіп отыр. Енді бірі әлде қашан бақилық болып, жарық дүниемен мәңгілікке қоштасқан.
Қостанайлық әжей Мереке Ахметованы соғыстың тірі куәгері деп айтсақ әбестік болмас. Себебі, әжеміз Ұлы Отан соғысы  басталған уақытта он бір жаста болатын. Ол кісі бала болса да сұрапыл жылдардағы ауыр тұрмыс пен ел ішіндегі ахуалды жатқа біледі. Бір сәтке ұмытқан емес. Күні кешегідей жадында жаңғырып тұр. Себебі, бұл соғыс әжемізді жалғыз ағасынан айырған.
Мереке Ахметова отбасында екі ағайынды болып өсті. Әжеміздің айтуы бойынша, ағасы Ертай Сейдахметов он тоғыз   жасқа қараған шағында әскер қатарына алынады. Ол кісі 1942 жылы Ресейдің Челябі облысы, Шұбаркөл станциясында үш ай әскери оқу-жаттығуынан өтіп, Сталинград түбіндегі ұрысқа қатысқан. Сол жылы күзде майданнан хат келеді. Бір жапырақ қағазда "Соғысқа кіруге дайынбыз. Менің хабарымсыз, сіздер де хат жазбаңыздар" деп жазылған. Сол хаттан соң өзге хабар-ошар болмайды.
– Соғыс аяқталды. Аман қал-ған жауынгерлер елге ағылып жатты. Біздің ағай қайтып оралмады. 1942 жылы қолымызға тиген хаттан басқа хабар жоқ. Бауырыма екі рет іздеу жарияладым. Алған жауабымыз бір, Ертай Сейдахметов не тірінің, не өлінің тізімінде жоқ. Жауынгердің қайда екенін ешкім білмейді, – деді Мереке Ахметова.
Бауырдан айырылудың қаншалықты қиын екені айтпаса да түсінікті. Оның үстіне жан дегенде жалғыз ағасынан көз жазып қалғанда, Мереке әжеміз қатты қиналған. Пенде байғұс көзбен көрмейінше илана қоймайды ғой. Ағасының артынан қара қағаз келмеген соң, әжемізді бір үміт алға қарай жетеледі. Не өлінің, не тірінің тізімінде жоқ ағасын іздеуден жалықпады да. Сөйтіп жүріп 2012 жылы интернет арқы-лы ағасы жайлы бір ақпаратқа қанық болады. Ертай Сейдахметов Волгоград қаласындағы Мамай қорғанында жерленген екен. Сондағы бауырластар зиратында Ертай Сейдахметовтың есімі жазылыпты. Әженің айтуына қарағанда, ағасы саяси жетекші, командир болыпты. Естіп білген деректеріне сай, Сталинград түбіндегі шайқаста қаза тапса керек. Әжеміз, дәм бұйыртса Мамай  Қорғанға барып, ағасының есімін ескерткіш тақтадан өз көзімен оқып келгісі келеді.
Соғыс жылдары бала біткен ерте есейіп, ересектермен қатар еңбекке араласты. Олардың балалығын ұрлаған-сұм соғыс.
Мереке әжеміз соғыс аяқтал-ғанша ауыл жастарымен бірге еңбекке араласты. Колхоздың шөбін жұлды, пісте тазалады. Үлкендер қайда жұмсаса, сонда барды.
– Біздің ауыл егін салып, пісте егетін. Қырманға бір топ баланы айдап алып барады. Пістенің басын кесіп, таудай қылып үйеміз. Келесі күні қолымызға бір-бір таяқ алып, пістені ұрып, үгітеміз. Жасы үлкендер оны ұшырып, тазартады. Соғыс біткенше осындай жұмыс істедік. Ол кезде сағат дегенді білмейміз. Әке-шешеміз қалай жұмысқа кетеді, бізді де солай жұмысқа қуады. Әр үйді аралап, терезені қағып "Шығыңдар" деп айқайлайды. Біз атып-атып тұрып, күнделікті шаруаға кірісеміз,– деді әжей.
Обаған ауданы, Қызылшоқ колхозында ертеректе пістеден май дайындайтын. Сондықтан ел ішінде пісте майы жеткілікті. Көпшіліктің қарны тоқ болғанымен, киім-кешек тапшы.
– Қолдағы бір сиырдың арқасында құрт-майымыз тегін еді. Есесіне шешемнің басына тартатын ақ орамал табылмайтын. Жаулыққа жарарлық ақ матаны алу үшін Қостанайға барамыз. Орталық базарда құрт-майымызды сатып, Челябіден келетін поезды күтеміз. Ондағы жолсеріктер бізге ақ мата сататын. Қып-қызыл ақшаға алған бөздің бәрі орамал болуға жарамайды. Соның арасынан тәуірін зорға табамыз. Сол күндерді еске түскенде, қазіргінің адамы қандай бақытты деп ойлаймын. Артымыздан ерген ұрпақ соның бірін де көрмесін. Қасіретті біз көргеніміз жетер, –деді қарт ана.
Соғыс біткен соң, 1948 жылы Мереке әжеміз отағасы Досқали атамызбен танысып, бір жылдан соң бас қосады. Отағасының аяғында жаудың оғы бар екен. Екінші топтағы мүгедек еді. Ол кездегі жастар ержігіттің бойынан мін іздеп, мүгедектігіне, жағдайына қарамады. Әңгімесі жарасса табысып жатты. Мереке әжеміз бен Досқали атамыз да тағдырдың жазуымен шаңырақ көтеріп, төрт баланы дүниеге әкелді. Ата-әженің ұл-қыздары қазір өз алдарына отау тіккен. Мереке әжеміз тұңғыш қызының қолында, Қостанайда тұрып жатыр. Ал атамыз Досқали өмірінің соңына дейін сауда саласында жұмыс істеп, 2005 жылы жүрек ауруынан қайт-қан. Ол кісі көзі тірісінде "Соғыстан кейінгі елдің тұрмысы тым жұпыны болды. Ақ көйлек кигізіп, той жасамаған едім. Оған шамам келмеді. Қазір заман түзелді. Аман болсақ алпыс жылдықта үстіңе ақ көйлек кигізіп, тойлайық", – деп зайыбы Мерекеге айтып отыратын. Марқұмның сол арманы орындалмай қалды.
Тоғызыншы мамыр – Жеңіс күні Мереке Ахметованың ең сүйікті әрі асыға күтетін мерекесі. Бұл күні бала-шағаның басы қосылып, дастарқан жаяды. Досқали атамыздың басына барып, құран бағыштайды.
Қымбат
       ДОСЖАНОВА
Суретте: Мереке Ахметова.
Суретті түсірген Айбек ЖҮЗБАЙ.
 

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓