Абай ауылындағы айқай
Иә, расында да бұл қай ай-қай?.. "Жер астынан жік шықты, екі құлағы тік шықты" дегендей, біз мұны ауыл тұрғындары арасындағы бір-бірімен қырғи-қабақ па деп қалдық. Сөйтсек, бәрі басқаша екен…
Бұл ауылға көктем келісімен Берік Сейдахметов деген азамат баяғы Кеңес заманында салынып, бертінде қараусыз қалған мәдениет үйіне 100 басқа жетер жылқысын қамап бағады. Төтеннен келген бейтаныс жанның бұл тірлігіне әуелгіде ауыл тұрғындары бей-жай қарап, бейқамдық танытады. Келе-келе әлгі азаматтың малшылары бір үйір жылқысын шұбыртып, еркінсіп, ауылдың ортасын құйғыта өтіп, жол жиегінде ойнап жүрген кішкентай балалардың зәресін ұшырады. Әбден мазасы кеткен тұрғындар бір емес, екі емес малшыға ескерту жасаса да, ол пысқырмайды. Содан Заречный селолық әкімдігіне барып (Абай ауылы осы селолық округке қарайды), әкім Қалыбек Жұмашевқа шағымданады. Біз де бірге шықтық жол-ға.
– Ау, балам-ау! Айды күннің аманында аулымызда ойран болып жатыр. Анау клубты атқораға айналдырып жібердіңдер ғой. Алғашында жергілікті шаруашылық шығар деп үнсіз жатқан едік. Бірте-бірте мәселенің мәнісіне қанықтық, – деді ауыл ақсақалы Қимеден атай жыларман болып. – Бұл қайткендерің? Анау шу асау жылқылар кеше ғана көрші үйдің баласын тапап кете жаздап, жазым қылуға шақ қалды. Бір жағынан өзің білесің, ауылдағы азғантай тұрғынға шабындық жер де тапшы ғой. Мына Беріктің жылқы-лары шабындығымызды отап бітті. Күніміз ертең не болады? "Битке өкпелеп тонымды отқа жағуым" емес бұл. Тіпті, әлгінің малшылары бетбақтыратын түрі жоқ. Үндемесек, ертең бара-бара төбемізге әңгіртаяқ ойнатуы ғажап емес қой мынау түрлерімен. Міне, бір жарым айдан асты сол Берік дегенді бір көргеніміз жоқ. Өзіне бар мән-жайды түсін-діргіміз-ақ келеді. Осы жасқа жеткендегі уайым-қайғы осы болды. Аясаң нетті, – деді пұшайман кейіппен.
– Бұл жайтты неге ертерек айт-падыңыздар? Түу Қостанайдан арнайы тілші шақыртқандарыңызға ыңғайсызданып қалдым, – деді Қалыбек. – Берік Сейдахметов маған келіп кәсіп ашқалы отыр едім, әзірге құжаттары дайындалуда. Жақын маңайдағы бір ауылдан аз-кем жер берсеңіз мал өсірсем деп едім. Бір жағынан жергілікті халыққа да жақсы емес пе, жұмыс орны табылады дегендей емеурін танытты. Содан ойласа келіп, сіздердің Абай ауылына кеп тоқталдық. Оның 100 бас жылқы әкелгенінен хабарсызбын. Ол ең алдымен орналасатын жерін анықтап аламын деген-ді. Ескерткендеріңізге рақмет. Оның бір айдың ішінде құжатымды әкеп көрсетемін дегені расында да созылып кетті. Бүгіннен бастап бұл іспен айналысамын, – деп уәдесін берді.
…Біз ауылға келісімен бірнеше адам фельдшерлік пунктің жанына жиналып қапты. Сірә, бізді күтіп жүрген болулары керек. Бірден сұрақтың астына алды.
– Не болды? Мынау жағдай шешіле ме? Әкім не айтты? Қа-шанғы шыдаймыз? – деп қаумалай түсті. Біз оларды сабырға шақырып, әлгі атқораға айналған мәдениет үйі қай жерде екенін сұрап білдік.
– Әне, көз ұшында тұр ғой, – деді сол жағымда тұрған бір адам ызаға булығып. Қайтадан тұлпарға от алдырып атқораға келдік. Расында да, тұрғындардың ашуы – ашу-ақ екен. Атқораға айналған мәдениет үйі мектептен таяқ тастам жерде. Балаларға тіпті, қауіп тудыратыны рас. Клубтың іші ағал-сағал, жылқының тезегіне толып, қоң-сы иісі анадайдан мұрынды жарады. Күзетшіге жолығып, қайдан келгенімізді айттық. Ол бастығы Берікті білмейтін болып шықты. Тек екі-үш жігіт бұларға күн сайын азық-түлік әкеп тұратын көрінеді. Сәл кідіруімізді өтінген күзетші олардың қазір кеп қалатынын жеткізді. Бір кезде сүт пісірім уақыттан соң жалт-жұлт еткен сүлік қара "Mersedes" құйғытып кеп атқораны сүзе тоқтады. Ішінен екі иығына екі кісі мінгендей, еңгезердей бойлы жігіт ағасы шығып, бізбен сал-қын амандасты да бірден:
– Что случилось? – деп дүңк ете қалды.
Біз қайдан, не үшін, қандай себеппен келгенімізді айттық. Сол сәтте қулыққа көшіп:
– Понятно… Оставьте свои данные, шеф сам позвонить, – деп өтірік жымия қалды.
Сөйтіп, әлгі қара дәуге телефон нөмірімді беріп, бастығының тезірек хабарласуын өтініп, ауыл тұрғындарына бұл мәселені аяқсыз қалдырмайтынымды жеткіздім.
Арада екі күн өткен соң Қалыбек Жұмашевқа телефон соғып, әлгі Берік дегеннің үн-түнсіз қалғандығын айттым. Бірақ бұл мәселені мен қалай да олай шешетіндігімді шегелей түстім. Ол жаңа ғана осы мәселені көтеріп жүрген ауыл тұрғыны Берік Масақбаевпен сөйлесіп, жақын арада Берік Сейдахметовтің жұмысшылары малдарын ауылдан алып кететіндігін жеткізді. Біз де "әліптің артын бағумен" болдық. Ақиқатында, үш тәуліктен соң Берік Сейдахметов сөзінде тұрып, "Қостанай таңы" газетінің тікелей араласуы нәтижесінде ауылдан қарасын батырды.
Әлқисса, бұл ауылдың айқайы мұнымен де бітпес. Себебі, халықтың айтары көп. Ауылда ауыз су жоқ. Қостанайдан немесе жақын маңдағы ауылдан тасып ішеді. "Үкіметтің қарық қылар "Ақ бұлағы" қашан келеді?" – деп томсырайған жүздерін үмітсіздік жайлаған. Клубтың жайы әлгіндегідей. Бұл мәселелерді жіпке тізіп, Қалыбекке айтып едік. Ол:
– Жоспарда бар, қайткен күнде де қолға аламыз. Ауылдағы мәдениет үйі қазір біздің меншігімізде емес. Құжаттарын дайындап жатырмыз. Соны ауылдағы қолынан іс келетін бір азаматқа беріп, ол әбден тозығы жеткен ғимаратты бұзып, оның пұлына ауылдағы су соратын станцияны қалпына келтіріп, тұрғындарды ауыз сумен қамтамасыз етеді, – деп ағынан жарылды.
Иә, лайым солай болғай! Ең бастысы, ауылдағы ағайыннан енді айқай шықпаса екен?!
Нұрболат
МЕШІТБАЕВ
Суреттерді түсірген: Бағдат АХМЕТБЕКОВ.
Қамыққан қарт Қимеден ата
"Біздің де айтар базынамыз бар", – дейді ауылдағы аналар
Ат қораға айналған, қайран, мәдениет үйі-ай!..
"Тағдырымыз не болмақ?" – деп қынжылады сәбилер
Қостанай таңы газеті қазір осындай өзекті маселелерді жаксы котерип келеді. Бастан-аяқ оқып шықтым. Мұндай маселелер билікке жетуі керек. Олар осыдан қорытынды шығармаса болмайды. Шындығында да Қостанай таңының араласуымен шешіліп пе екен өзі? Ендеше, Қостанай таңы жараған екен. Бұрын мұндай мәселелерді газет шешті дегенді аз еститинбіз. Дұрыс бопты. Алға, жауынгер журналистер!
Бұл ауылда менің туыстарым тұрады. Осыдан бір ай бұрын барған едім. Сол кезде Нұрболат Мешітбаевтың келіп кеткенін айтқан. Бірақ ауыл тұрғындары бұл мәселе шешімін табады дегенге мүлдем сенбеді. Журналистер айтады, қояды. Билікке, мақаладағы Берік сияқтыларға сөзін откізе алмайды деген әңгімелер айтты. Бірақ уақыт өткесін барі анықталды. Оказывается журналистер сөзін өткізе алады екен. Халық та уже верит ете бастады.
мақала керемет жазылыпты. журналистік зерттеу жүргізіпті. бұл баланы – нурболатты жақсы білемін, талантты ақын да. Осындай мақаларды жиі-жиі жазып тұрсаңыздар екен. Проблеманы котере беріңіздер.
қОСТАНАЙ АУДАНЫ ТУРАЛЫ БІРҚАТАР ПРОБЛЕМАЛАР МҰНЫМЕН БІТПЕЙДІ. бІРАҚ ЖУРНАЛИСТ ІНІМЕ РАҚМЕТ. ДЕР КЕЗІНДЕ ТЕМІРДЕ ҚЫЗЫУЫНДА СОҚҚАНЫНА. бҰЛ МӘСЕЛЕНІ ОЛ ЖАС АЛАШҚА ЖІБЕРГЕНДЕ ДҮРІЛДЕП-АҚ КЕТЕР ЕДІ. БІРАҚ БӘРІМІЗ ЕСТІП ҚУАНЫП ҚАЛДЫҚ. қОСТАНАЙДАҒЫ ҚАЛАМГЕРЛЕР МҰНДАЙ ДҮНИЕГЕ БАТЫЛ БАРАТЫНЫНА. бІР ЖАҒЫНАН БИЛІКТІҢ ГАЗЕТІ қОСТАНАЙ ТАҢЫНЫҢ МҰНДАЙ ҚАДАМҒА БАРУЫ НЕ? СОНЫ ТҮСІНБЕДІК? СОНЫ АЙТАР МА ЕДІ АВТОР?
Журналист мықты екен!