Кубок үшін жарысты
Еліміздің мерейлі мерекесі – Тәуелсіздік күні қарсаңында аудандық мәдениет үйінде "жайдарманшылар" жарысқа түсті.
Аудан әкімінің кубогы сарапқа салынған ойынға мемлекеттік тілде оқытатын Сарыкөл, Соналы және орыс тілінде білім беретін Урицк, №1Урицк және Ново-Урицк орта мектептерімен қатар колледж де қатысты.
"Мен Қазақстанның жарқын болашағына сенемін!" деген тақырып төңірегінде өрбіген жарыста өңірдің өнерлі жастары өз өнерлерін барынша көрсетуге тырысты. Көрермендерді күлкіге көмкерген көңілді кеште "Біз таңғажайыпқа тағы да сенеміз", дәстүрлі капитандар сайысы, "Өмір тамаша" сынды тапсырмалар бұлжытпай орындалды. Жарысқа қатысушылар жоғары деңгейде әзіл айта біліп, шынайы таланттарын танытты.
Жарыс соңында әділ қазылар алқасының төрағасы, аудан әкімі Эльдар Күзенбаев ақтық сайыстың нәтижесін жариялап, жеңімпаздарды құттықтап, мадақтама қағаздары мен кубоктарды табыс етті.
Айталық, бірінші орындар мен кубоктарды Соналы мен Ново-Урицк орта мектептері жеңіп алса, екінші орындардан Сарыкөл және №1 Урицк мектептері көрініп, ал үштікті Урицк мектебі қанағат тұтты. Сондай-ақ, "Үздік ойыншы" номинациясымен Урицк орта мектебі командасының капитаны марапатталса, ал "Ең жас ойыншы" сол мектептің 2-сынып оқушысы Сережа Ермаков деп танылды.
Руслан ӘЛКЕЕВ.
Сарыкөл ауданы.
СУРЕТТЕ: аудан әкімі Э.Күзенбаев Соналы мектебі командасын құттықтады.