Қайсарлық таныта алмады (БЕЙНЕБАЯН)
Қостанайлық «Тобыл» Қызылордаға қонаққа барып, 1:0 есебімен жеңіліс тапты.
Өткен жолғы жанкүйерлермен кездесуде таныстырылған жаңа ойыншылардың дені алаңға шықты. «Қайсар» қақпасының маңында бір-екі шабуыл ұйымдастырған Луллаку мен Жалмұқан жұбынан көпті күттік. Қостанайлықтардың орталық шебіне жауап беретін Альмир Мухутдинов матчтағы бірінші ескерту қағазын алды. Көп ұзамай қақпаға тура соққылар жасалды. Əуелі, Дидар Жалмұқан мен Алексей Щеткиннің тепкен добын «Қайсар» қақпашысы Григоренко қайтара білді. Тайм аяғына таман «Тобыл» қорғанысы барынша əлсіреді дей аламыз. Тасқамал қорғаушы Фернандер Кассай мен шабуылға дем беріп жүрген Григорий Сартаков жарақаттарына байланысты алмастырылды. Олардың орнына Ника Квеквескири мен Тимур Жақыпов қосылды. Иə, бас бапкер Евдокимов мырзаға бас ауыртар мəселе туғандай. Ол Артурас Жулпаны қорғанысқа түсірді. Міне, қызық!
Екінші бөлік Непогодов қақпасының қасындағы қауіпті сəтпен басталды. Дүрсін-дүрсін шабуылдар жемісін берді. Алайда, қуаныш иелері – қызылордалықтар. Курьор қарсылас қорғаушыларын алдап өтіп, Коробкинге пас тастады. Соңғысы бірден соққы жасады. Непогодов қайырған доп Франк Джедженің алдына дөп түсті. Оң жақ бұрышқа баспен ұра салды. 1:0. «Тобыл» екінші таймның ширек бөлігіне дейін бəрекелді дегізер мүмкіндік тудыра алмады. Ойынға Нұрбол Жұмасқалиев қосылып, ойынға «қан» жүгіртті. Оның берген пасын Жасұлан Молдақараев күтіп алып, айып алаңына асырды. Бірінші жеткен Щеткинге ешкім кедергі болмап еді. Соққы сəл ғана қиыс кетті. Əрі қарай тобылдықтар тарапынан еске алар мардымды қадам жасалмады.
Осылайша, үшінші рет қатарынан ұпай жоғалтуға мəжбүрміз. Енді келесі қарсылас – «Тараз». Онымен 20 тамыз күні ойын өтеді.
«Тобыл» ФК баспасөз қызметі