Білім саласына басымдық көп
Бұл жолғы Жолдауда қазақстандықтардың әл-ауқатын арттыруға бағытталған барлық салалар қамтылды. Экономикалық, әлеуметтік, мәдени және өзге де бағыттар туралы жан-жақты айтылды. Цифрландыру мәселесіне айырықша тоқталды. Токио Олимпиадасын да назардан тыс қалдырмады. Мемлекет басшысы елдегі жағдайдың бес саусағындай білетіндігін тағы бір мәрте дәлелдеді. Осы ретте мен Қостанай өңірлік университет ректорының кеңесшісі ретінде білім саласы мен мұғалімдерге қатысты мәселеге кеңірек тоқталғым келіп отыр.
Президент оқытушылар даярлау ісіне айырықша мән берген. Ең алдымен, мұғалімдер жалақысының өсетінін және әрі қарай кезең-кезеңімен арта беретіндігін жеткізді. Ең төменгі жалақының 42500 теңгеден 60 мыңға дейін көтерілуі ұстаздар еңбекақысына да зор әсерін тигізетіні анық. Биыл педагогикалық мамандық бойынша жоғары оқу орнына түсу баллы ел бойынша артқан. А.Байтұрсынов атындағы Қостанай өңірлік университетіне қабылдану үшін орташа балдың көрсеткіші бұрынғыдан әлдеқайда артқан. Биыл ҰБТ нәтижелері өте жоғары болды.
Мемлекет басшысы «Цифрлық мұғалім» мемлекеттік бағдарламасының бастау алатынын да атап өтті. Аталған бағдарламаға сәйкес біліктілікті арттыру бұрынғыдай бес жыл сайын емес, үш жылда бір рет өткізілетін болды. Осы ақпаратты біздің ұстаздар оң көзқараспен қабылдайды деп сенемін. Олимпиадаға шәкірттер даярлайтын тәлімгерлерді көтермеақымен ынталандыру мәселесін де баса айтты. Бұл дұрыс шешім деп есептейтін. Педагогикалық институтқа жаңадан тағайындалған директормен бірлесіп, осы тақырыпты кеңінен көтеріп отырмыз. Сонымен қатар, педагогтерді даярлау концепциясын қайта қарау туралы да талқыладық.
Алдағы уақытта мың мектеп салу туралы айтылды. Оған жеке кәсіпкерлердің де тартылатыны белгілі болды. Бұл өте құптарлық іс. Себебі, білім саласына инвестиция құю өркенді мемлекеттердің жалпы ұстанымы.
Сондай-ақ техникалық мамандықтарда оқитын шәкірттердің оқу ақысының жоғары екендігінен Президент те хабардар. Осы себепті мұндай мамандықтарда тегін оқу туралы тапсырма берілді. Қашықтан оқудың сапасыздығы, ауылдық жерлердегі интернеттің әлсіздігі туралы мәселесін сынға алды. Алда уақытта осы қателіктің орны толады деп сенемін.
Римма БЕКТҰРҒАНОВА,
А.Байтұрсынов атындағы Қостанай өңірлік университетінің кеңесшісі.