Қазаққа бақыт қонған күн
Тәуелсіздік деп аңсап өткен ата-бабаларымыздың арманы бүгінде орындалып отырғанына қуанамын. Қарап отырсаңыз, Тәуелсіздікке барар жол түп-түзу болып сайрап жатқан жол емес-ті. Ол – тез арада бара салатын жолға да ұқсамайды. Тарих беттеріне көз жүгіртсек, ата-бабаларымыз, алдыңғы буын ағаларымыздың "тар жол, тайғақ кешуден" өтіп, осы күнге жеткенін білеміз. Тәуелсіздіктің мәні мен мағынасын еліміздің әрбір азаматы бағалай, пайымдай білуі керек деп ойлаймын. Ата-бабамыз тәуелсіздік үшін талай қан-төгістерге барып, жандарын қиды ғой. Кешегі Желтоқсан оқиғасы жадымызда. Біз оны көрмегенімен, үлкендер мен апайларымыздың айтулары, теледидардағы деректі фильмдерден жақсы білеміз. Алматының алаңында өткен желтоқсан қасіретінің жазықсыз жаласына ұшыраған "қасқалдақтай қаны, бозторғайдай жаны" бар жанкешті жаужүрек Қайрат, Ләззат сияқты аға-апаларымыздың желтоқсанның ызғарында жасаған ерліктерін, олардың есімдерін қалай атамаймыз. Тәуелсіздік жолына жол бастаған олардың ерліктері әрбір жастың, әрбір адамның, жанына күш-қуат беріп патриоттық сезімін оятары анық. Сол тәуелсіздікке біздің кезімізде қол жетуі, тәуелсіздік таңының қазақ жерінде атқанын оқулық, кітаптардан емес, көзбен көру біздің маңдайымызға жазылыпты. Мен үшін тәуелсіздік осымен құнды.
Тәуелсіздіктің тұғыры, басы қазақ қазақ атанып, осы жердің иесі болған уақыттан басталатыны анық. Бүгінгі тәуелсіздік менің келешекке деген көзқарасыма жол ашып берді, сондықтан осы азаттығымыздың бағасы зор. Тек қана адал еңбек етіп, оқу-білім алуымыз керек. Білім арқылы ғана зайырлы мемлекет боларымыз анық. Бейбітшілікті бағалап, бірлікті сақтай білуіміз қажет.
Өзім ұстаз болғандықтан, оқушыларға Тәуелсіздігіміздің құны қандай екенін түсіндіруге ұмтыламын. Ұлттық мерекені жүрегімен сезінуі қажеттігі, жаңа әлемдегі жаңа Қазақстанның бүгінгі құдіретті күші ел бірлігінде, ұлттар татулығында жатқандығын айтамын. Оқушыларымның өз еліне деген арманы, рухы, жігері қашанда асқақ тұрғанын қалаймын. Сондықтан да мектебімізде өткізілетін, ұйымдастырылатын тәрбие бағытындағы әрбір іс-шара оқушыларымыздың бойында азаматтық, адами қасиеттер орын тапса деп ойлаймын. Осы мерекеге арналған іс-шара барысында мектебіміздегі желтоқсан айында жеке куәлік алатын оқушыларға салтанатты түрде куәлік тапсыру жоспарлап отырмыз.
Бізге не үшін тәуелсіздік қымбат дейсіз ғой? Ол – тәуелсіздік аңсаған ата-бабаларымыздың рухы, тарихымызды, ана тілімізді, дінімізді, ділімізді қайта оралтқанымен "қазақ" деген атауға қан мен жан кіргізгені үшін! Ол – мемлекетіміздің әлемдік әлемге шыққаны үшін! "Елім" деп елеңдетіп, "жерім" деп желпінтіп, алпыс екі тамырымызды игізіп, ата жұртын сүйдіргені үшін! Мүмкін бұл сөздеріміз "алаулаған, жалаулаған" ұран секілді болып көрінер, бірақ шындығы осы.
Жансая ИСМАЙЛОВА,
№20 орта мектебі директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары.
Қостанай қаласы.