Ең басты мереке
16 желтоқсанда аталып өтетін Тәуелсіздік күні – Қазақ елінің ең басты мемлекеттік мерекесі. Бұл – Алаш баласы азаттық алған күн еді. Қазақ баласы тәуелсіздіктің арқасында тарихын түгендеп, рухани болмысын бүтіндеді.
Тәуелсіздік – кез келген азамат үшін қастерлі ұғым. Азаттықты ғасырлар бойы аңсаған халқымыз 1991 жылы Ел тәуелсіздігін жариялады. Еліміз аз-ғантай уақыт ішінде Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың кемеңгер басшылығымен төрткүл дүниеге танылды. Ежелгі қазақ даласында өзіне тән барлық институттары бар жаңа демократиялық-құқықтық мемлекет құрылды.
Тәуелсіздік жылдары елімізде кең көлемді мемлекеттік түбегейлі өзгерістер орын алды. Егемен еліміздің демократиялық ұстанымдарына негізделген саяси жүйе қалыптасты. 2012 жылғы сайлаудың нәтижелері бойынша үш фракция жасақ-талған тиімді жұмыс істейтін екі палаталы Парламент құрылды. Жаңа елордамыз – Астана қаласы бой көтерді.
Еліміз үшін маңызды белес – "Қазақстан Республикасының Мемлекеттік тәуелсіздігі туралы" конституциялық заңның қабылдануы еді. Қазақ қарулы күштері, Республикалық ұлан, шекаралық әскерлер және әскери-теңіз флоты пайда болды. Қазақстан өз аумағында ядролық қаруды пайдаланудан өз еркімен бас тартып, өзін ядролық қарусыз ел ретінде жария етті. Жүйелі әлеуметтік-экономикалық және саяси реформаларды қарқынды жүргізу арқылы нарықтық қатынастар мен институттар құрылды, этносаралық үйлесімділік және саяси тұрақтылық орнады. Әлемдік дағдарыс жағдайында экономикалық дамуға қол жеткіздік.
Еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін прокуратура органдары қызметінің жаңа дәуірі басталды. Прокурорлық қадағалау одан әрі дамыды және прокуратура органдары жүйесі реформаланды. 1991 жылғы 6 желтоқсандағы Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің "Қазақ КСР прокуратурасы органдарының бірыңғай жүйесін құру, оның дербестігі мен тәуелсіздігін қамтамасыз ету туралы" Қаулысымен Қазақстанның Бас прокурорына бағынатын бірыңғай прокуратура органдарының жүйесі құрылды. Жыл басынан бері 13 мыңнан астам азаматтардың конституциялық құқығы қорғалды. Басты жаңалық Қазақстан Республикасының 4 кодексінің жаңа редакциясы дайындалып, келесі жылдан бастап қолданысқа енгізіледі.
Асхат ЫБЫРАЕВ,
Қостанай облысы прокуратурасы аппаратының басшысы.