Суицид – алаңдатарлық құбылыс

Соңғы кездері елімізде жастар арасынан өз-өзіне қол салу, яғни суицид туралы көп айтылып жүр. Ел болашағы жастарымыздың он екіде бір гүлі ашылмай жатып өз-өзіне қастандық жасап, дүниеден баз кешіп жатуы, әрине, алаңдатарлық құбылыс.
Апта басында қалалық «Нұр» мешіттің бас имамы Сейіт қажы Нұрқанов Ы.Алтынсарин атындағы Рудный әлеуметтік-гуманитарлық колледжінде болып, ұстаздар қауымы мен студенттермен кездесу өткізді. Басқосу барысында жастар арасындағы өз-өзіне қол салу мәселесі тілге тиек етіліп, кеңінен талқыланды.IMG_6115
– Суицид, өз-өзіне қол жұмсау Ислам дінінде ауыр күнәға жатады. Өйткені өзін-өзі өлтіру шариғатта Жаратқанның жазмышына қарсы шыққанмен тең», – деген Сейіт Темірбекұлы өз ойын Құранның мына аятымен сабақтады: «…Өз-өздеріңді өлтірмеңдер. Расында, Алла сендерге Мейірбан ғой. Ал кімде-кім дұшпандықпен, зұлымдықпен солай істейтін болса, Біз оны тозақта өртейміз. Олай ету Алла үшін оңай». («Ниса» сүресі, 29, 30-аят).
Имам келтірген мәліметтерге сүйенсек, Қазақстан өз-өзіне қол жұмсау бойынша әлем елдері арасында 5-орында, ал Орта Азияда көш бастап тұр. Өз-өзіне қол жұмсау болмашы қиындықтардан құтылудың жолы емес, керісінше, күнәлардың ең ауыры екенін аят-хадистермен баян ете отырып, имам жастарымызды аз күндік қиындықтарға бола лағынеті әзәзілдің өсиетіне ермеуге үндеді. Сондай-ақ Аллаһ тағаланың жарық дүниенің қуанышын көрсін деп берген ғұмырын имандылық пен инабаттылық жолында мәнді де мағыналы етіп өткізуге шақырды.
Кездесу соңы сұрақ-жауап пен еркін әңгімеге ұласты. Тәлім-тәрбиелік мәні зор осындай басқосулар жиі өтіп тұрса деген ұсыныс-тілектер айтылды.
 
Қуаныш СЕЙДОЛЛАҰЛЫ 

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓