Шебердің кезекті жеңісі
Халықаралық «Шабыт» шығармашыл жастар фестивалінің лауреаты Ренат Елубаев Италияның Рим қаласында өткен халықаралық суретшілер байқауында жеңіске жетті. Дарынды жерлесіміз Моисей мүсінінің иегері атанды.
Моисей статуэткасы – Микеланджело Буонарроти өмірге әкелген атақты мүсін. Тарих парақтарын ақтарсақ, 1505 жылы Юлий ІІ Рим Папасы оны шақырып алып, құлпытас жасауды тапсырады. Сол кезеңде Моисей мүсіні бүкіләлемдік өнер ордасының астанасы атанған Римдегі ең бағалы туынды болатын.
Ренат Елубаев 167 қылқалам шебері қатысқан байқауда ұлттық нақыштағы суреттерін ұсынды. Мазмұнға бай, бояуы қанық картиналары төрешілердің шешімімен ең үздік деп танылыпты.
«Бір уақыттарда шенеуніктің шекпенін киіп, кино түсіріп, әнге сөз жазып, сурет салудан алыстап кеттім. Менің әндерімді Астана қаласы Мемлекеттік филармониясының әншілері орындап жүр. Режиссерлік қырымнан да көріндім. Тек 2011 жылы қайтадан қолыма қылқаламды ала бастағанмын. Кейіннен өзімнің жеке көрмемді өткіздім. Халықаралық байқаулардан жүлделі оралып жүрдім. Соңғы Италияда өткен байқауда Моисей мүсінін иелендім. Мұндай атаққа ие болған бірінші қазақстандық болғаныма өте қуаныштымын, – дейді суретші.
Ренат Елубаев, негізінен, импрессионистік модерн бағытында сурет салады. Ал, импрессионизм «еркіндік», «бір сәттік» деген мағынаны білдіреді. Ван Гог, Мане, Писарро сияқты әлемдік бейнелеу шеберлері де осы жанрдың дамуына үлес қосқан. Былтыр «Реализмнен алшақ» жанр бойынша Белоруссияда өткен «Куршинале-2015» халықаралық өнер олимпиадасында да «Сурет өнері» аталымында бас жүлдені алған.
Ол қазіргі кезде «Астана Опера» мемлекеттік опера және балет театрында жұмыс істейді.
Қасқырбай ҚОЙШЫМАНОВ