Бесінші жеңіс!
Бүгін еліміздің алты қаласында футболдан Премьер-лига командалары арасындағы ел біріншілігінің бесінші тур ойындары өтті.
Көкшетау қаласында жергілікті «Оқжетпес» Қостанайдың «Тобылымен» кездесті. Айта кетерлігі, «Оқжетпес» бүгінге дейін небәрі бір ұпайды олжаласа, жерлестеріміз бірде-бір ұпайды шашау шығарған жоқ. Есепті қостанайлықтар ашты. Бұл голды 42-минутта Ника Квеквескири соқты. Ал 56-минутта қостанайлық Максим Федин есепті еселей түсті. Ал 90-минутта «Оқжетпес» сапынан Таңат Нөсербаев есеп айырмасын қысқартты. «Тобыл» 2:1 есебімен басым түсті. Осылайша, биылғы доп додасында қатарынан бесінші жеңісіне қол жеткізіп, турнир кестесінің бірінші сатысынан орын алды.
Келесі ойын 20 сәуірде Қостанайда өтеді.