Жастар да ой-пікірін айтты
Қостанай гуманитарлық колледжінде 2014 жылғы 11 қарашадағы Елбасымыздың Қазақстан халқына арнаған "Нұрлы жол – болашаққа бастар жол" атты Жолдауын студент жастар арасында талдау және насихаттау мақсатында дөңгелек үстел болып өтті.
Жиын барысында 3 курс студенті Динара Есенеева Жолдау туралы шағын баяндама оқып, оның мәні мен маңыздылығына тоқталды.
– Президентіміздің Жолдауын маңызы зор құжаттардың бірі деп айтуға болады. Өйткені, мемлекет Басшысы әр жылғы Жолдауында еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуы, халықтың әл-ауқатын жақсарту жолындағы тың ойлар айтылып, келешекке кемел жоспарлар жасалады. Елімізде қалыптасқан қазіргі жағдайға талдау жасалып, шұғыл шешім талап етілетін басым бағыттар ай-қындалады. Биылғы жарияланған стратегиялық құжатта Президентіміз ең алдымен, еліміздің әр сала бойынша инфрақұрылымын дамыту, сонымен қатар, жұмыспен қамту, қолжетімді баспана, аймақтардың өзара байланысуы, шағын және орта бизнесті өрістету, жаңа инвестициялар тарту, индустриялық-инновациялық жобаларды жаңғырту бойынша кешенді міндеттерді жүзеге асыру қажеттігіне тоқталып, нақты жолдарын ұсынды, – деді өз сөзінде.
Содан кейін сөз алған Жібек Айтқалиева болашақ елдің тұтқасы – жастар болғандықтан озық идеялы жастың ертеңі білімімен еңселі екенін атап өтті. Елбасымыздың жастарға сеніп артып отырғандығын "Дипломмен – ауылға", "Қолжетімді баспана" сынды бағдарламалар жастардың хал-ахуалын жақсартуға бағытталғанын жеткізе келіп, жастар үшін мемлекет тарапынан жағдайлар жасалып, қолдау көрсетіліп отырғандығын жеткізді. Жиын аясында колледжіміздің басқа да студенттері сөз сөйлеп, өздерінің ой-пікірлерін ортаға салды.
С. ДОСМАҒАНБЕТОВ,
тарих және қоғамдық пәндердің оқытушысы.