“Нұрлы жол” – нақты және игілікті бастама

Жиынға мәслихат депутаттары, аудан әкімінің орынбасарлары, ауылдық округ және ауыл округтерінің әкімдері, шағын және орта бизнес өкілдері, ауыл шаруашылығы саласының басшылары, мемлекеттік мекеме мен ұйымдардың басшылары шақырылды. Бас-қосуды аудан әкімі А.Балғарин ашты. Ал, сенат депутаты Жеңіс Нұрғалиев маңызды құжатты насихаттау бағытында Жолдаудағы өзгерістерге тоқталып, оның шағын және орта бизнесті дамытуға бағытталған шаралар, елдегі экономикалық жағдайды жақсарту, жол мәселесін шешу жолдарын қарастыру, елдегі инфрақұрылымдарды дамыту, сонымен қатар халықтың әл-ауқатын жақсарту бойынша нақты тапсырмалар жөнінде ауқымды баяндама жасады. Бұдан кейін халық қалаулысы жиналғандар тарапынан қойылған сұрақтарға да тұщымды жауап беруге тырысты. Жеңіс Мирасұлы сөз соңында әулиекөлдіктерге алдағы жылы ауданда 180 орындық денсаулық сақтау орталығының салынатындығын айтып қуантты.
Мұнан соң ауданның құрметті азаматы Сағындық Досмағамбетов те маңызды құжат жайлы өз ойын жеткізді. "Бұл Жолдаудың "Нұрлы жол" деген атауының өзі мені қатты сүйсінтті. Бұл біздің елді нұрлы болашаққа бастайтын құжат деп қабылдауымыз керек. Меніңше, Президент халыққа өте қажетті жолды нұсқағандай әсер алып, марқайып отырмын. Елбасының көрегенділігі – әлемдік дағдарыстың алдын алғандығы дер едім" деген ол кісінің сөзі көпшіліктің көңілін дөп басып, көңіліне қуаныш, жүрегіне жұбаныш ұялатқандай болды.
Жиында ҚР Білім және ғылым министрлігінің білім мен ғылым жүйесін бақылау жөніндегі Комитет төрағасының орынбасары Талғат Дайыров Елбасының жыл сайынғы Жолдауларында еліміздің білім саласына ерекше назар аударатындығын ерекше атап өтті.
– Болашақ ұрпақ үшін заманауи әдістер мен технологияларды енгізу, білімге қолжетімділікті кеңейту, білім сапасын арттыру – Қазақстанның одан әрі қарыштап дамуына үлкен үлес қосады. Сонымен қатар, апатты мектептер мәселесін шешу үшін Үкімет қосымша 70 млрд. теңге бөлетін болды. Бұдан бөлек, Елбасы балабақшалардың жетіспеушілігіне де тоқталып, осы бағытта мектепке дейінгі мекемелердегі мәселелерді алдағы үш жылда шешуді жүктеді. Бұл үшін қосымша 20 млрд. теңге бөлінбекші екені баса айтылды. Білімді ұрпақ – жарқын болашақтың кепілі, болашақтың тірегі жастардың білім саласында толыққанды білім алуына жағдай жасалып отыр. Осының барлығы Елбасының қамқорлығының арқасында болып отыр, – деді Талғат Нұрлан-ұлы.
Ал, "Шарқ" мәдени-ұлттық орталығының төрағасы Эргашвой Холметов өз сөзінде Қазақстандай байтақ елде, ұлттар мен ұлыстар бір үйдің баласындай, бір қолдың саласындай ынтымақта өмір сүріп жатқандығын, тәжік ұлтының халқы да осындай мемлекеттің тұрғыны болғандығын мақтан ететіндігін ерекше ілтипатпен жеткізді.

Кеңесті аудан әкімі Амантай Балғарин қорытындылап, алдағы уақытта атқарылатын істерге кеңінен тоқталып, әулиекөлдіктер атынан ақпараттық топ мүшелеріне алғыс сезімін білдірді. Ал, жиын соңында ақпараттық-насихат топ мүшелері жаңадан салын-ған қара шаңырақ – Ш.Уәлиханов атындағы орта мектепке барып, онда аудан мұғалімдерімен, аудандық аурухана дәрігерлерімен де кездесті.
Жұмакүл СЫЗДЫҚОВА.
Әулиекөл ауданы.
СУРЕТТЕРДЕ: кездесуден көрініс.