“Достық керуені” өз жұмысын қорытындылады
Іскер әйелдер қауымдастығы соңғы 5-6 айдың ішінде өңірімізде "Достық керуені" деген атпен ақпараттық-насихаттық жобасын жүргізген-ді.
Мұндағы мақсат – елімізде ұлтаралық келісім мен ынтымақты одан әрі қалыптастырып, мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың стратегиялық саясатын жас ұрпаққа түсіндіру әрі насихаттау болатын.
Таяуда қауымдастық әлгі жобаның қорытындысын жария етіп, ақындар арасында мүшәйра өткізді және мүшәйраға қатысқан ақындардың өлеңдерін топтап, "Адам бол!" деген атпен ұжымдық жинақ шығарды.
Облыстық Л.Толстой атындағы әмбебап-ғылыми кітапханасында осы игі шараға арналған әдеби мәжілісте қауымдастықтың төрайымы Динара Өтебаева қатысқан барлық авторларға алғыс айтып, талантты өнер иелеріне сый-сияпат жасады.
Кешке Мәрияш Қадыралинова, Ғайнижамал Бердалинова, Александра Суслова, Людмила Мацупа сияқты іскер әйелдер қауымдастығының мүшелері шақырылып, олар Тәуелсіздік күні қарсаңында ұйымдастырылып отырған мәдени шараға өз пікірлерін айтып, "бұл игі шараның ғұмыры баянды болсын!" деген тілектерін жеткізді.
Нұрболат
МЕШІТБАЕВ