Қош, қара нар!

Қандай суық хабар десеңізші… Бүгін қазақ журналистикасының қара нары, Қазақстанның құрметті журналисі, Мәдениет қайраткері, Қазақстанның Жазушылар және Журналистер одақтарының мүшесі, Қостанай қаласының құрметті азаматы Сәлім Меңдібай дүние салды. Қаламына кие қонған журналист, жазушы Бейімбет Майлин, Мұхаметжан Сералиндей асылдардың сынығы еді. Саналы ғұмырының 45 жылын облыстық "Қостанай таңы" газетіне арнады. Өңір баспасөзінің қарашаңырағын қасиетіне балап өтті. "Қостанай таңы" – менің тағдырым" деп үнемі ерекше мақтанышпен айтып отырушы еді… Сәлім Тоқмырзаұлы соңынан ерген іні-қарындастарына үлкен мектеп бола білді. Оның шеберханасынан талай буын шыңдалып шықты. Қазынакеуде қария, абыз ақсақал өмірінің соңына дейін ізбасарларына тағылымның көзі, өнегенің өзі болып, жүрек жылуын, жан шуағын төгумен өтті.  Адалдықтың, адамдықтың, парасаттылықтың эталонына айналды. Артына өшпес із, қазыналы рухани мұра қалдырды. «Тұмарымыз – Түркістан», «Біздің елдің жігіт­тері», «Армысың, алтын таң!», «Өшпес даңқ», «Жүрек  лүпілі», «Еменнің айыр бұтағы», «Мөп-мөлдір дүние», «Ілияс Омаров», «Еркімбайдың Сұлтаны», «Терең тамыр» секілді кітаптары ағамыздың қаламының қуатын, өрлігі мен тереңдігін таныта алды. 
Асыл текті, нар тұлғалы, мөлдір мінезді, саф болмысты, қастерлі тұлғаның жарық дүниені тәрк еткеніне әлі сенгіміз келмейді. Жарықтық үйінде кітап оқып отырып ұйықтап кетіпті… Қаралы хабар артында қалған қара орман халықты теңселтіп жіберді. 
Алла панасына алып, рухың пейіште дамылдасын, аға. Қош бол, қара нар!… 

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓