А.Мұхамбетов: «Күзгі ораққа күш салу керек»

Биылғы жаздың ыстығы, жауын-шашынның жоқтығы аймақтағы дәнді дақылдың өсуіне айтарлықтай тежеу болып отыр. Қуаңшылыққа байланысты өңірімізде егін жинау науқаны әдеттегіден ерте басталып кетті. Кейбір аудандарда астық ору қарқынды жүріп жатыр. Әсіресе, облыстың оңтүстік бөлігінде егін шығымы төмен. Бұл шаруалардың жағдайын алаңдатуда. Қанша жерден озық технология енгізіліп, әртараптандыру, алқаптардағы үш-төрт ауысым тәжірибесі сақталса да, ауа райының қолайсыздығына қарсы күш бола алмайтынын биылғы жыл дәлелдеп берді. Жалпы, Қазақстанның солтүстік бөлігіндегідей Ресейдің де оңтүстік облыстарында жағдай мәз емес. Ылғал болмаған соң шөптің де аз екені белгілі. Шілденің 4-і мен тамыздың 5-і аралығында аймағымызда күн райы 30-40 градус аптап ыстықтан түскен жоқ.
IMG_7947
Дүйсенбі күні аймақ басшысы Архимед Мұхамбетовтің төрағалығымен биылғы күзгі егіс науқанын ойдағыдай өткізу, тығырықтан шығудың барынша мүмкіндігін пайдалану жайында селекторлық агрокеңес өтті.
– Мамыр-шілде айларында өңірде орташа 67,2 мм жауын-шашын немесе орташа жылдық (107,2 мм) көрсеткіштің 63%-ы түсті. 3 айда небары 10-20 мм ылғал тамған кейбір аудандар бар. Осының салдарынан барлық бидай алқабының 20,2% нашар, 45,7% қанағаттанарлық, 34% жақсы. 9 тамыздағы ақпаратқа сәйкес аймақта 1,1 млн тоннадан астам (71%) шөп шабылып алынды. Денисов (32%), Жітіқара (35%), Қамысты (57%), Бейімбет Майлин (57%), Әулиекөл (58%), Науырзым (62%) аудандарында көрсеткіш төмен. Тіпті, Қарабалық ауданында шөп 63% дайын дегені нақты ақпарат деп ойлаймын. 65 до 100% орындадық деген қалған өңірлердің есебіне күмәніміз бар.  Ертең қыста «жүз пайыз дайын» деген шөптеріңіз ақпаннан әрі аспай қалып жүрмесін, – деген облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының басшысы Жансұлтан Тәукенов аудан басшыларына ескерту жасады.
Ресейдегі егістік жағдайының да мәз еместігін ескерсек, биыл бидай бағасының әр тоннасы 80 мың, майлы дақыл тұқымдары  100-130 теңге көлемінде болады, тіпті, баға бұдан да өсуі мүмкін деген болжам бар. Ж.Тәукенов сол себепті күзгі ораққа барлық күшті салу қажеттігін жеткізді. 
IMG_7912
– Мен демалыс күндері аудандарға шығып, диқандармен жүздестім. Сонда олардың арасында 2012 жылдан бері 2-3 центнерден ғана бидай жинап келе жатқанын ашық айтып жатқандары бар. Қатарынан жеті-сегіз жыл бойы егін болмау деген сұмдық жайт қой. Қаншама жанармай, тұқым, техника, жалақы, басқа да жағына шығындалған агроөнеркәсіп тауар өндірушілері үшін бұл үлкен салмақ. Былайша астықтан пайда көрмейтіндер болса, мал саласына бет бұрғандары дұрыс. Ал биылғы ылғалдың жоқтығынан дәнді дақылдар әр гектардан 1-6 центнерге дейін түсіп кетті. Оңтүстік-батыс аудандарда жем-шөп әзірлеу көрсеткіші жоспардағының 24-50 пайызы аралығында. Сол себепті, алдағы жылы жаңбырлы болады деп үміттеніп отырмай, биылдан бастап бір жарым жылдық азық қорын жинап алу аса қажет. Өзен-көлдердің жиегін, техника жеткен жердегі қамыстарды, ой жерлердегі ылғалда жатқан шөптерді қалдырмай шауып алған жөн, – деді А.Мұхамбетов.     
Жиында онлайн байланысқа шыққан Қазақстанның Еңбек Ері, Қамысты ауданының «Алтынсарин» ЖШС басшысы Борис Князев өз тәжірибесімен бөлісті. Айтуынша, биылғы құрғақшылықты сонау 1975 жылғымен салыстыруға болады. Ал жалпы, мұндай қуаңшылық біздің өңірде әрбір үш-төрт жыл санап қайталап келіп отырады екен.
– 1984 жылы да қатты қуаңшылық болды. Бірақ ол жылы тамыз айында жауын-шашын түсті де, шөптің өсуіне сеп болып еді. Мұндай кездерде мал әдетте жей бермейтін шөптер мен қамысқа жем араластырып малға береміз. Осы жолы біз көрші Жітіқара ауданынан шөп шауып алуға мәжбүрміз, – деді Б.Князев.
Архимед Мұхамбетов шаруалар онсыз да тығырықта отырған кезде күзгі жиын-терімді барынша ойдағыдай орындап, астық ору кезінде ұрлық-қарлыққа ұрынбай, қатаң күзет болуын тапсырды. Сондай-ақ шаруалар қауымына қолдағы қор қаржысын мүмкіндігінше үнемдеп жұмсауына кеңес берді. Мәселен, Арқалық қаласының әкімі Эльдар Күзенбаев жергілікті шаруашылықтар тарапынан 5 трактор, 7 комбайн сатып алуға құжаттар әзірленіп жатқанын айтқан болатын.
– Бірақ тек арқалықтықтарға ғана емес, барша диқандарға өте қажеттілік болмаса, техника сатып алуға асықпай, алдымен жинаған дәнін барынша жоғары бағаға сатып, келер көктемге тұқым құйып алу, 2020 жылдың қазан айына дейін жұмысшылардың жалақысын төлей алатындай қауқары болу, қыста жол тазарту, басқа да өзекті мәселеге ден қоюына кеңес беремін. Сондай-ақ, халықтың мал басын сақтап қалуын айрықша назарға алыңыздар. Өткен аптада менің бірінші орынбасарым Ғ.Нұрмұхамедов Ауыл шаруашылық министрлігінде біздің бастамамызбен өткен арнайы жиынға қатысып келді. Онда «ҚазАгро» ҰБХ» АҚ арқылы алынған лизингтік төлемдерге, көктемгі-күзгі егіс науқандарына, «Сыбаға», «Ырыс» «Құлан», «Алтын асық» бағдарламаларымен алынған несие мерзімін ұзарту, құс шаруашылығына 63 мың тонна азық және ауыл шаруашылығының төлдейтін аналықтарын қыстан алып шығу шығынының бір бөлігін өтеп беру ұсынысымызды қарастырып жатыр. Министрлік бұл ұсынысымызды қолдап отыр, – деді аймақ басшысы.
Қыдырбек ҚИЫСХАНҰЛЫ,
Суретті түсірген Бердіболат КӨРКЕМБАЕВ

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓