Екі миллиард теңге бөлінді
Халық батыры Кейкі Көкембайұлының бассүйегі Аманкелді ауданындағы Тасты ауылының маңында салтанатты түрде жерленуіне байланысты биылғы жылы облыстық әкімдік Әулиекөл-Жалдама тас жолын жөндеуге және Арқалық-Торғай тас жолының 117-135 шақырым аралығын салуға 2 миллиард теңге қаржы бөлді. Қазір аталмыш қаражат екі нысанға келіп түсті. Атап айтқанда, Әулиекөл-Жалдама тас жолын жөндеуге 1 миллиард теңге, Арқалық-Торғай тас жолы аралығын жаңадан салуға 1 миллиард теңге берілді.Бұл жөнінде жақында аймаққа іссапармен келген облыс әкімі А.Б.Мұхамбетов мәлімдеді. Жақсы жаңалық Торғай аймағы жұртшылығын қуанышқа бөледі. Себебі, бұл екі жолдың бірі жөндеуден өтіп, бірі жаңадан салынса, аймақ халқы жол жүрудегі көп қиындықтан құтылар еді.
Облыс әкімінің айтуынша, егер алдағы уақытта қаражат көзі табылып жатса, Арқалық-Торғай тас жолын Аманкелді ауданының орталығына дейін жеткізуге қаржы берілмек. Бұл, әрине, жоба. Алайда, сол жобаның жүзеге асуын аймақ халқы тілеуде. Себебі, Арқалық-Торғай тас жолын салу ісі соңғы жылдары баяулап қалған еді. Облыс басшысы сол олқылықтың орнын толтыруға барлық мүмкіндікті жұмылдырып, жол салу ісін неғұрлым жеделдетуге ерекше маңыз беріп отыр. Бұл да торғайлықтарды бір серпілтіп тастады.
Хамитбек МҰСАБАЕВ
Аманкелді ауданы.