Әр отбасында “Қостанай таңы” болсын! Газет оқырмандарына ашық хат
Қай халықтың болмасын қайнар бұлағы, рухани байлығы мен күш-жігері – оның ана тілі. "Ана тілің – арың бұл", "Тіл – ұлттың жаны" дейтініміз де сондықтан. "Егер менің тілім ертең жойылар болса, мен бүгін өлуге даярмын" депті тау қыраны Расул Гамзатов. "Ана тілін білмеген, ақылы жоқ желікбас, ана тілін сүймеген, халқын сүйіп жарытпас" депті қырғыз ағайын. "Сөзі жоғалған жұрттың өзі де жоғалады" деп аһ ұрыпты қайран Ахаң, Ахмет Байтұрсынов. Қазақ қазақпен қазақша сөйлессін, қазақтың газет-журналына жазылсын, кітабын оқысын дейді Елбасы. Еліміздің Ата заңы "Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік тіл – қазақ тілі" деп айдай әлемге жар салады. "Тіл туралы" заңымыз тіліміздің қолданылу аясын кеңейтіп, оның мәртебесін арттыруға үндейді.
Сол ана тіліміздің шырайын шығаруға қызмет етіп, халықтың көзі, құлағы һәм тілі болып келе жатқан Қазақ еліндегі байырғы басылымдардың бірі – облыстың "Қостанай таңы" газеті. Тоқсан жылдан астам тарихы бар бұл үнпарақ кешегі Мұхамеджан Сералин, Бейімбет Майлин сияқты арыстарымыздан бізге жеткен мұра, асыл қазына. Сол асылымызды бағалай білсек болғаны.
Ол үшін не істеу керек? Ол үшін облыстағы газет-журналдар ішінде таза қазақ тілінде шығып келе жатқан газетімізге қалың жұртшылық тарапынан қолдау-көмек керек. Көмектің ең бастысы – "Мен – қазақпын" деген намысы бар ағайынның өз газетіне жазылуы.
Кешегі "Ауыл", бүгінгі "Қостанай таңы" қай заманда болмасын қазақы қалпынан таймай, байсалды болмысын бұзбай, жел сөзді желпілдетпей өз халқының мұңын мұңдап, жоғын жоқтады. Бүгіндер, құдайға шүкір, оның тынысы кеңейді, сөзі түзелді, беделіне бедері сай, жұртшылықтың іздеп жүріп оқитын үнпарағына айналды десек қате емес. Редакцияның жыл санап материалдық-техникалық жағдайы да жақсарып келеді. Қаланың дәл ортасындағы ғимараты күрделі жөндеуден өтіп, жарқырап, жайнай түсті, Қостанайдың ең әсем үйлерінің біріне айналды.
Дегенмен кешегі өкпеден қысқан өтпелі кезеңде күйбең тіршілік, қара қазан, сары бала қамын күйттеген көпшілік өз газеттерінен амалсыз қол үзіп қалған еді. Бүгін жағдай басқа. Еліміздің экономикасы артып, ауылымызға қан жүгірді. Зейнетақы, еңбекақы өсті. Енді кешегі қиыншылықтар ұмыт болып, ел ықыласы рухани қазынаға ауды. Сол рухани игіліктің бірі – осы "Қостанай таңы". Осындай ұрымтал тұста, жаңа 2015 жылға баспасөзге жазылу басталған сәтте, өзіңізге сөз арнап отырмыз, құрметті оқырман! Бәріміз – үлкеніміз бен кішіміз, бастығымыз бен басқамыз, әкіміміз бен ақынымыз болып, қазақ мәдениеті мен қоғамдық пікірінің қара шаңырақтарының бірі – өзіміздің сүйікті газетіміз "Қостанай таңына" бір кісідей қолдау көрсетейік.
Ең бастысы, Алаштың әрбір азаматы ұлттық намысты жоғары ұстап, ұлттық баспасөздің шырайын шығарса дейміз. Ол үшін жұмсалған азды-көпті қаржының өзін-өзі ақтайтынына, рухани байлық болып қайта ораларына біз кәміл сенеміз.
Облыс өмірінің айнасы – "Қостанай таңы" газетіне бір кісідей жазылайық. Үйіміздегі ұлттық баспасөз ұлттық намысымыздың көрінісі болсын! Әрбір қазақ отбасында "Қостанай таңы" болсын!
"Қостанай таңы" газетінің редакциясы.