“НҰРЛЫ ЖОЛМЕН” БАЯНДЫ БОЛАШАҚҚА!
Елбасының "Нұрлы жол – болашаққа бастар жол" атты Жолдауының негізгі басымдықтарын түсіндіру жөніндегі республикалық ақпараттық топ мүшелері Рудный индустриялық институты ұжымымен жүздесті. Онда ҚР Парламенті Мәжілісінің қос депутаты Ахмед Мурадов пен Ирина Аронова "Нұрлы Жол" – барша қазақстандықтардың өмірі мен болашағына қатысты құжат екендігін айтып, онда көрсетілген маңызды тапсырмаларды егжей-тегжейлі баяндап берді.
Алғаш боп сөз тізгінін алған Ахмед Мурадов биылғы Жолдауда экономикалық дамуымызбен қатар, білім беру, денсаулық сақтау, жас отбасыларды қолдау, жұмыссыздық пен тұрғын үй мәселесін түбегейлі шешу, яғни, қарапайым халықтың әл-ауқатын көтеру мәселесі ерекше қолға алынғандығын жеткізді.
– Жалпы, ел бірлігі мен халық тұтастығы, елімізде өмір сүріп жатқан әрбір ұлттың, ұлыстың бейбіт тұрмыс кешуі, олардың әл-ауқатының жақсы деңгейде болуы – Елбасының әрбір Жол-дауында нақты айтылып келеді. Шынында, баршамыз ішкі, сыртқы саяси тұрақтылық, экономикалық даму, әлеуметтік жағдайдың тұрақты қа-лыпқа түсуі, елімізді жаңашылдықпен одан әрі өркендету бағытында аянбай еңбек етуіміз қажет – деді ол. Ал оның әріптесі Ирина Аронова:
– Жолдауда қай салаға қанша қаржы бөлінетіндігі нақты белгіленген және қаржының жұмсалуын жіті бақылау жергілікті әкімдіктен бастап, Үкіметке, Парламентте арнайы құрылған 4 комиссияға, "Нұр Отан" партиясы мен Президент Әкімшілігіне жүктеліп отыр, – дей келе әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту бағытына тоқталды. Мәселен, жүргізілген жүйелі жұмыстардың нәтижесінде Қостанай облысында апатты жағдайдағы және үш ауысымды мектептер мәселесі толығымен шешілген. Білім және ғылым Министрлігі берген мәліметке сүйенсек, балабақшамен қамту деңгейі облыс бойынша 98, ал қалалар бойынша бар-жоғы 60 пайызды құрайды.
– Ауыл-аймақтардағы балабақша мәселесін мектептердің жанындағы мини-орталықтар шешіп отырса, қалада бұл мәселе әлі де өткір тұр. Жаңа Жолдауда белгіленген жоспардан бөлек қосымша 36 балабақша салуға қаржы бөлініп отыр. Яғни күн тәртібіндегі бұл мәселе де көп ұзамай өз шешімін табатындығына сенімдімін, – деді Ирина Аронова. Депутат өз сөзінде Елбасының жаңа Жолдауы оның көрегендігін, сарабдал саясаткер екенін тағы бір дәлелдеп бергенін айтты.
Жалпы, баяндамашылар жеті бағыттан тұратын Жолдаудан туындаған міндеттерді жан-жақты саралады. Алда атқарылатын ауқымды жобалар турасында пікірлерін білдірді. Жиынға қатысушылар 5 жылға жоспарланған бағдарламаның тиянақты орындалуына жұдырықтай жұмыла жұмыс жасайтындықтарын жеткізді.
Басқосуды қорытындылаған институттың тәрбие жұмысы жөніндегі проректоры Жасұлан Алпысбаев мәртебелі делегация мүшелеріне ұжым атынан ризашылығын білдіріп, "Нұрлы жолмен" әлемге төніп отырған қиындықты ел болып аман-есен еңсеруге үндеді.
Қуаныш
ЕСҚАБЫЛ