Үздік мамандар марапатталды

Қостанай қаласында Мәдениет және өнер қызметкерлері күніне арналған салтанатты іс-шара өтті. Сала мамандарына  құрмет көрсетіліп, министрліктің, облыс әкімінің марапаттары табыс етілді. Сондай-ақ, "Рухани қазына – 2021" республикалық фестивалінің облыстық кезеңінің жеңімпаздары лайықты жүлделеріне ие болды.
Ресми іс-шара басталмас бұрын қонақтар «Жастар сарайы» ғимаратының кіреберісіне театрлар мен филармония, музейлер мен кітапханалар әзірлеген интерактивті көрмені тамашалады. Көрнекі бұрыштарда әр ұжым соңғы жаңалықтары мен жемісті жетістіктері туралы мәлімет ұсынды. Сондай-ақ, салтанат алдында Қостанай облысы әкімінің орынбасары Бақыт Есімова мәдениет саласының ардагерлерімен кездесу өткізіп, кәсіби мерекелерімен құттықтады. Ал марапаттау рәсімінің ашылуында ол өңірдің мәдениет саласының табыстарын тілге тиек етіп, мамандарға құттықтау лебізін жеткізді.
 "Мәдениет – елдің рухын көтеріп, асыл қазынасын қастерлейтін сала, сондықтан мемлекет оған әрдайым үлкен қолдау көрсетіп отырады, – деді Бақыт Амангелдіқызы. – Сіздер әрқашан адал қызмет етіп, өнерді өрге тартып, талмай ізденіп жүресіздер. Пандемия уақытында онлайн форматында жұмыс істеп, қиналған халықтың көңіл-күйін көтеруге үлес қостыңыздар. Қиын кезеңде тұйықталып қалмай, жаңа жарқын жобалардың жарыққа келуіне себепкер болдыңыздар. Бұның бәрі сіздердің кәсіби біліктіліктеріңіздің дәлелі. Бір ғана мысал – таяуда ғана өткен "Рухани қазына" республикалық фестивалінде жерлестеріміз үш номинация бойынша жеңімпаз атанып, бірнеше жүлдеге ие болды. Ал бүгін, дәстүр бойынша, осы байқаудың облыстық кезеңінің жеңімпаздарын марапаттағалы тұрмыз". 
Фестиваль жеңімпаздарынан бұрын, салалық марапат иелері сахнаға шақырылды. Атап айтар болсақ, ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің "Мәдениет саласының үздігі" төсбелгісі 8 маманға, министрліктің Құрмет грамотасы 5 жерлесімізге, Алғыс хат тағы 5 қызметкерге табыс етілді. Ал Қостанай облысы әкімінің Құрмет грамотасымен 9 қызметкер марапатталды. Мұнымен қоса, Мәдениет, спорт және ақпарат қызметкерлерінің салалық кәсіподағының "Еңбек даңқы" белгісін және Құрмет грамотасын ұзын саны 12 маман иеленді. 
Мерекелік іс-шараның дәстүрлі рәсімдерінің бірі – «Рухани қазына» республикалық фестивалінің облыстық кезеңі жеңімпаздары да дипломммен, статуэткамен және ақшалай сыйлықпен марапатталды. Беделдің байқаудың өңірлік бәсекесінде 26 үміткер үздік деп танылған. Олардың бесеуі – мәдениет ұйымдары, яғни ұатарында кітапханалар, аудандық мәдениет үйі, ауылдық клуб және мемлекеттік маңыздағы театр бар. Мұнымен қоса, карантиндік шектеу шаралары кезінде белсенді қызметімен көзге түскен ұжымдар да арнайы аталымдар бойынша ардақталды. Фестивальде жыл бойы атқарған қызметі еленіп, облыстық сында озып шыққан 11 қызметкер "үздік" деген айдары бар арнайы аталымдар иеленді. Олардың қатарынан республикалық кезеңде "Үздік мәдени-демалыс кешенінің қызметкері" номинациясында топ жарған Айгерім Кушкимбаеваны ерекше атап өткеніміз жөн. 
"Біріншіден, аталмыш байқауда облыс намысын сәтті қорғай алғаныма өте қуаныштымын. Екіншіден, мұндай фестивальдердің мәні орасан зор. Өйткені, байқау аясында бағыңды сынап қана қоймай, үлкен сабақ аласың, өзге өңірлердегі мамандармен тәжірибе алмасуға, таныс-біліс әріптеске айналуға мүмкіндік бар. Ал бұл марапат маған шығармашылық шабыт, жаңа серпін сыйлайды деп сенемін", – дейді жеңімпаз.
Айгерім Борашқызы секілді белсенділігімен көзге түскен тағы үш маман облыстық деңгейдегі "Мәдениет жанашыры" марапатын қанжығаға басты. Ал фестивальдің республикалық кезеңінің тағы бір жеңімпазы – "Бердібек Соқпақбаев атындағы балалар мен жасөспірімдерге арналған үздік кітап авторы" аталымының иегері, ақын, драматург, аудармашы, ҚЖО мүшесі, "Qostanai" телеарнасы директорының орынбасары Абылай Мауданов. Оған да облыстық кезеңдегі жеңісінің жүлдесі табыс етілді. 
 "Бұл сынға Л.Толстойдан аударған «Балаларға арналған әңгімелер» кітабымды ұсынған едім. Мұның сыртында, Э.Распенің «Мюнхгаузеннің бастан кешкендері" шығармасын аудардым. Соңғы 3-4 жылда ертегілерім сахналанып жүр, – дейді Абылай Фазылханұлы. – Фестивальдің ұйымдастырушылық деңгейі жоғары болды. Көкше жерінде өткен қорытынды іс-шарадан алған әсеріміз зор".
Айта кетейік, "Рухани жаңғыру" бағдарламасы аясында ҚР Мәдениет және спорт министрлігі ұйымдастырған бұл байқаудың тұсауы 2018 жылы кесілген еді. Мақсаты – мәдениет және өнер саласындағы үздік ұйымдар мен қызметкерлерді анықтау, оларға қолдау-демеу көрсету. "Рухани қазына" төрт жыл ішінде елдің мәдени өміріндегі ең елеулі оқиғаларының біріне айналып үлгерді. Фестивальге облыс көлемінен қатысушылар саны да жылма-жыл көбейіп келеді. Оған осы іс-шара барысында отызға жуық қатысушының түрлі аталым бойынша аты озғаны дәлел бола алады.  Кәсіби мереке иелерінің және жүлдегерлердің құрметіне ән-күйден шашу шашылып, есте қаларлық кеш өтті.
 
Суреттерді түсірген Есбол Жатқанов

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓