“Балапанның” бағыт-бағдары
Бүгінде облысымызда 0 жастан 6 жасқа дейінгі балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен жә-не оқытумен толық қамту үшін не істеуіміз керек, аудан, қалаларымыздағы кезек санын қа-лай азайтамыз, тиісті мекемелер мен органдар тарапынан осы кішкене балаларымыздың мектепке дейінгі мекемелерге деген тапшылық проблемасын шешу үшін қандай жағдайлар мен шаралар қолға алыну үстінде, сонымен қатар өңірде балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен және оқытумен қамтамасыз ету жөніндегі "Балапан" мемлекеттік бағдарламасы қалай жүзеге асырылуда деген секілді мәселелер облыс әкім-дігінде аймақ басшысы Н.Садуақасовтың басқаруымен өт-кен аппарат мәжілісінде жан-жақты айтылды. Осы мәселе төңірегінде облыстық білім бас-қармасының жетекшісі Ә.Төрт-қараева баяндап берді.
Баяндамашының айтуынша, облысымызда мектепке дейінгі білім беру ұйымдарындағы орын тапшылығын жою мақсатында жаңадан балабақшалардың салынуы, қосымша мемлекеттік білім беру тапсырысын орналастыру арқылы сонымен бірге мектепке дейінгі мекемелерді ашудың басқа да жолдарын, мүмкіндіктерін қарастыру, мәселен, шағын орталықтар ашу, бұрнағы жылдары жекешелендіріліп кеткен ғимараттарды мемлекеттік меншікке қайтару, тұрғын үйлердің бірінші қабатын пайдалану, балабақшаға лайықты деп танылған ғимараттарды қарастыру дегендей.
2010-2014 жылдар ішінде "Балапан" мемлекеттік бағдарламасының аясында облысымызда 8255 орын, атап айтқанда, елу тоғыз балабақша, толық күнді он екі шағын орталық ашылды, алпыс жеті балабақша ұйымдарында орын кеңейтілді, қырық төрт шағын орталық толық күнге көшті. Ал, 2014 жылы жаңа 1703 орын пайдалануға берілді. Жыл аяғына дейін Лисаков қаласында алпыс орынды бір жекеменшік шағын орталық ашылады деп күтілуде.
"Балапан" бағдарламасын жүзеге асыру үшін мемлекеттік-жекеменшік әріптестік тетігі де пайдаланылып, жекеменшік мектепке дейінгі мекемелерде мемлекеттік білім беру тапсырысын орналастыру бағытында жұмыстар атқарылуда. Мысалы, 2010-2014 жылдар ішінде он жеті жекеменшік балабақша, екі шағын орталық ашылды, 799 орынға кеңейтілді.
Мемлекеттік-жекеменшік әріптестікті нығайту барысында "Әйгерім-Ай"ЖШС, "Дана-2011", "Дружба-97, "Юбилейное", "Большевичка", "Медициналық қызметкерлер ата-аналарының одағы" және №22 орта мектебінің "Ата-аналар мен балалар" қоғамдық бірлестіктері өздеріннің қызметкерлері үшін балабақша ашты.
Дегенмен облысымызда әлі де болса балабақшаға деген кезек проблемасы сақталынып отыр. Мәліметтерге жүгінсек, мысалы, Қостанай қаласында кезекке тұрғандар саны – 9500, оның – 6678-і жаңа туғандар мен 2 жастағылар, Рудныйда – 4702, Арқалықта – 1800, Лисаковта – 1006, Қостанай ауданында – 1261, Әулиекөлде – 838, Жітіқара ауданында – 772. Келесі, 2015 жылы да осы проблемаларды шешу мақсатында жұмыстар жүргізіліп, 1013 жаңа орын ашылады.
Сонымен бірге алғаш рет республикалық бюджет есебінен Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі арасындағы келісілген Меморандумға сәйкес Қостанай қаласындағы Қайырбеков көшесінде екі жүз сексен орынды балабақшаның құрылысы басталды.
2015 жылы Лисаков қаласында, 2016-17 жылдары Арқалық пен Қостанай қалаларында екі жүз сексен орынды балабақшалардың құрылысы басталады деп жоспарлануда.
Жалпы алғанда, бес жыл ішінде "Балапан" бағдарламасын жүзеге асыру барысында республикалық бюджеттен 4 млрд. 205,8 млн. теңге бөлінді.
Облыстық білім басқармасының жетекшісі өз сөзінде келесі жылы қала мен аудан әкімдері мектепке дейінгі мекемелерде мемлекеттік білім беру тапсырысын орналастыру үшін қосымша орындар тауып, оны іске қосуды қамтамасыз ету жөнінде облыс әкіміне айтып өтті. Баяндамашының баяндамасын тыңдаған облыс әкімі, әрине, бағдарлама барысында өңірде балаларды мектепке дейінгі мекемелермен қамтамасыз ету өз деңгейінде жүргізіліп отырғанын айта келіп, жыл сайынғы облысымызда 2 жасқа дейінгі балалардың туу көрсеткішінің есебі алынуы керектігін, әр жылға мониторинг жасалу қажеттігін, содан кейін қысқаша түрде келесі жылғы бюджет, ауыл шаруашылығы жөніндегі мәліметтер туралы айтты.
Гүлназым
САҒИТОВА