Тұрғын үй көмегін ресімдеу
Халыққа қызмет көрсету орталықтарына жүгінген қостанайлықтардың қатары қалыңдай түскен. Мәселен, он айдың көлемінде облыстағы қызмет көрсету орталықтарында 23 мыңға жақын отбасы тұрғын үй көмегін ресімдепті. Көрсеткішке көз жүгіртер болсақ, Қазақстан бойынша ең көп өтінім Қостанай облысынан қабылданған. Кейінгі кезекті Қызылорда мен Павлодар облыстары бөлісіп отыр.
Халыққа қызмет көрсету орталығы Қостанай облысы бойынша филиалы өкілдерінің айтуына қарағанда, "Тұрғын үй көмегін тағайындау" мемлекеттік қызметін көрсетуге құжаттар тоқсан ішінде бір рет қабылданады. Осы кезеңде орталыққа келушілер саны да көбейеді. Тұрғындарды тәртіп-пен қабылдау мақсатында, қарбалас күндері кеңесшілердің қатары көбейтіліп, қызметті ресімдеуге кететін уақытты үнемдеу, қордаланған кезекті азайту жағы қарастырылған.
ХҚКО арқылы тұрғын үй көмегін ресімдеу үшін азаматтың өзімен бірге жеке куәлігі, өткен тоқсанға отбасының әр мүшесінің кірісін растайтын құжаттар, коммуналдық қызметтер мен телефонға шоттар, жылжымайтын мүлкінің болмауы (болуы) туралы анықтама және жергілікті атқарушы орган жалға алған тұрғын үйді пайдаланғаны үшін жалға алу төлемінің мөлшері туралы шот болуы қажет. Егер қызметті үшінші адам ресімдесе, көрсетілетін қызметті алушы орталыққа сенімхат ұсынуы тиіс. Мемлекеттік қызмет тегін көрсетіледі.
Электронды цифрлы қолтаңбаңыз болса, тұрғын үй көмегін үйде отырып электрондық үкімет порталы арқылы не "ConnectionPoint" өзіне өзі қызмет көрсету секторларында ресімдеуге болады. Бұл кезде барлық құжаттар өтінімге электронды түрде тіркеледі.
ХҚКО-лардағы "Connection Point" өзіне өзі қызмет көрсету бұрыштары ағымдағы жылдың қыркүйек айында құрылғанын айта кеткен жөн. Бағдарлама Қазақстанның барлық 260 орталығында жұмыс істейді. Ағымдағы жылдың 10 айы ішінде олар арқылы 5 миллионнан астам кеңестер мен анықтамалар алынған.
Жұматай
Кәкімжанов