Бауыр басқан басылым
Мен "Қостанай таңы" газетінің тұрақты оқырманымын. Сондықтан сүйікті газетімді асыға күтемін. Газеттен облысымыздағы жаңалықтарды оқып, біліп отырамын. Бұрын бұл басылым "Коммунизм жолы" деп аталған. Ол кезде менің 9-10 жасар кезім.
Бала күнімде ауыл газетке жаппай жазылатын еді. Газет кешіккен күндері адамдар бір-біріне "пошта келмей жатыр ғой" деп тағатсыздана күтетін. Өйткені, екі ауылға арналған бір пошта бөлімі болатын. Ол Меңдіқара ауданындағы Көктерек ауылында орналасқан еді. Шиелі мен арасы 5 шақырым. Ауылдағы пошташы газет-журнал, хат-хабарды жазда ат арбамен, қыста ат шанамен әкеліп, таратушы еді. Сол уақыттары біздің үй "Қостанай таңына" жазылатын. Үлкен ата-әжем облыс аумағындағы жаңалықтарды біліп, әңгімелерді оқуға асығатын. Мен оларға газеттің бір бұрышын қалдырмастан оқып беретінмін.
Арада қаншама жыл өтсе де, мен "Қостанай таңынан" қол үзгенім жоқ. Қазіргі кезде облыстағы таза қазақ тілінде шығатын жалғыз газетке жазылатындар аз. Көпшілік жиналған жерде "Қостанай таңына" жазыласыңдар ма?" деп сұрасам, "балаларымыз орыс тіліндегі басылымдарға жазылады. Олар қазақша оқымайды, түсінбейді" деп жауап береді. Бұл, әрине, өкінішті жағдай.
Меңдіқара ауданындағы 79 жасар Қымбат есімді апам былтыр қалаға көшіп келді. Ол газет-журнал оқымай отыра алмайды. "Қостанай таңын" Нұрлан деген баласы жаздырып беріпті. Менің айтайын дегенім, қазір баспасөзге жазылу жүріп жатыр. Сондықтан "Мемлекеттік тіл – менің тілім" дейтін әрбір азамат "Қостанай таңына" жазылса деп ойлаймын. Себебі бұл – біздің газет!
Күнтай НҰҒЫМАНОВА,
зейнеткер.
Қостанай ауданы,
Заречный ауылы.