Бірнеше ауыл біріктірілуі мүмкін
Қостанай облысында ауылдық округтерді оңтайландыру үшін біріктіру жұмыстары жүргізілуі мүмкін. Бұл бюджеттің дербес деңгейіне көшу кезінде олардың қызметінің тиімділігін арттыруға байланысты, деп хабарлайды ҚазАқпарат облыстық қаржы басқармасының басшысы Алма Жүсіповаға сілтеме жасап.
2018 жылы жергілікті өзін-өзі басқару бюджеттеріне 1,3 млрд теңге табыс түскен. Алма Жүсіпова атап өткендей, оның ішінде жеке табыс салығы – 45,6% және көлік салығы 45,8%-ды құрайды.
«Ауылдық округтерде әкімшілік айыппұлдарды жинау бойынша жұмыстар әлі де жеткіліксіз деңгейде жүргізілуде. 2018 жылы осы бағыттағы түсімдер 3 ауылдан 469 мың теңге ғана болды. Атап айтқанда, бюджетке Меңдіқара ауданының Первомай ауылдық округі және Рудныйдағы Қашар және Затобол кенттері түсім жасады. Қазіргі уақытта айыппұлдың 18 түрі бар екенін атап өту керек», – деді ол.
Алма Жүсіпованың сөзінше, бюджеттің дербес деңгейін кедергісіз енгізу үшін ауылдық округ әкімдері аппараттарында барлық жағдай жасалған. Жергілікті өзін-өзі басқаруға көшкен 45 ауылдық округ қаржыландырылумен, автокөлік құралдарымен, компьютерлік жабдықтармен, бағдарламалық өнімдермен қамтамасыз етілген, жылдам интернетке қосылған.
«2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап барлық ауылдық округтер бюджеттік үдерісті және коммуналдық меншікті дербес басқаруға көшеді. Сондықтан қызмет тиімділігін арттыру мақсатында ауылдық округтерді біріктіру жолымен оңтайландыру мүмкіндігін қарастыру қажет деп санаймын», – деп ұсыныс жасады қаржы басқармасының басшысы облыс әкіміне.
Мысалы, Қостанай ауданының И. Ф. Павлов атындағы ауылды тарату ұсынылды. Онда 494 адам тұрады. Әкімдікте 6 адам жұмыс істейді және жеке аппараты бар. Енді осы ауылды 6 шақырым қашық орналасқан Александровка ауылына қосу қажеттілігі айтылды. Аталған ауылда 1723 адам тұрады.
«Әкімшілік-аумақтық бірліктерді оңтайландыру әкімшілік шығыстарды қысқартуға ғана емес, сондай-ақ ауылдық деңгейде дербес бюджетті неғұрлым тиімді енгізуге мүмкіндік береді. Бұл жұмыс Қарасу ауданының әкімдігі жүргізілді, нәтижесінде 6 ауылдық округ таратылып, 17 штаттық бірлік босады. Нәтижесінде жыл сайынғы үнемдеу сомасы 50 млн теңгеден асты. Осындай жұмыстар Арқалық қаласында да жүргізілуде», – деді Алма Жүсіпова.