Таксиші әйел депутаттан көмек сұрады

Қостанай облысына халық қалаулылары келген болатын. Ақпараттық-насихат тобының жұмысы аясында  ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары Ирина Аронова мен Ольга Киколенко «Нұр Отан» партиясы ҚОФ-да қоғамдық қабылдау өткізді.
111Мәжіліс депутаты Ольга Киколенконың қабылдауына жазылған азаматша Татьяна Ленгинал материалдық көмек көрсетуді сұрады. Аталған азаматша Красный партизан ауылында үш бөлмелі пәтерді жалдап тұрады. Жас ана бес баласын жалғыз өзі тәрбиелеп отыр. Себебі кішкентайларының әкесімен азаматтық некеде тұрған. Кейін екеуі екі жаққа кетеді. Жас ана бес баланы құшақтап жалғыз қалды. Балалары үшін күйеуінен алимент алмайды екен.
Адам болған соң тіршілік керек. Татьяна Ленгинал күнкөрістің қамымен таксиші болып жұмыс істеді. Қас қылғандай оның жеке көлігіне ұры түсіп, аккумуляторын қолды қылып кетіпті. Осылайша жас ана күнделікті табысынан қағылды. Кіріс кірмеген үйдің қарызы да өсе береді. Ай сайынғы пәтерақыға коммуналдық төлемдерді қосыңыз. Бес баланың тамағы тағы бар. Соның бәріне бір адамның жалақысы қайдан жетсін?
«Қырсық бір айналдырса шыр айналдырады» демекші, Татьяна Ленгинал жалдап тұратын пәтердің иесі комуналдық қызметке 44 мың қарыз екен. Енді жалғыз басты ананың мойнына бөтеннің қарызы ілініп отыр. Қарызды уақытында төлемесе коммуналшылар жылуды сөндіреміз депті. Осы жайдан хабардар болған ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Ольга Киколенко жалғыз басты ананы өзінің қамқорлығына алатынын жеткізді.
 
-Тапқан-таянғаны балаларының ас-суынан артылмайды. Жалғыз басты ана бес баланы қайтіп өсірмек. Әзірге үйдің жылуын (газ) сөндірмеуге күш саламын.  Себебі бөгденің қарызына жалғыз басты ананың қандай қатысы бар?,-деген депутат О.Киколенко биылғы жылдың желтоқсаны мен 2015 жылдың қаңтар айлары аралығында азаматша Т.Ленгиналға жұмыс тауып беретін болды.
ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Ольга Киколенко Қостанай облысында осындай күнкөрісі төмен екі отбасыны өзінің бақылауына алған.
 
Қымбат Досжанова

 

 

 

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓