Депутаттар өңірлерді аралап жүр
«Нұр Отан» партиясының облыстық филиалында ҚР Парламент Мәжілісінің депутаттары Ирина Аронова және Ахмет Мұрадовтармен кездесу өтті. Мәжіліске облыстық,қалалық және аудандық мәслихаттарының депутаттары және партия белсенділері қатысты.
Өздеріңізге белгілі, таяуда Елбасы өзінің «Нұрлы жол-болашаққа бастар жол» деп аталатын кезекті Жолдауын жариялады. Астаналық меймандардың келісі де осы маңызды құжатты ел ішінде кеңірек насихаттау, оның мән-маіызын халыққа кеңірек түсіндіру.
Мұндай ақпараттық-насихат тобы байтақ еліміздің түкпір-түкпірін аралап жүр.
«Біз үшін ең бастысы татулық, ұлтаралық келісім. Қазақстанда бірнеше ұлт және ұлыс өкілдері тұратыны мәлім. Сонау бір қиын кездері шешен, ұйғыр, кәріс, неміс сияқты бірнеше этностың басына түскен ауыртпалықтан біздерді қазақ халқы құтқарып қалды. Қазір де мемлекет құраушы ұлттың өкілдері елімізде тұратын басқа ұсақ халықтарға бас-көз болып жүр. Бұл өзге мемлекеттерге үлгі,-деп атап өтті Мәжіліс депутаты Ахмет Мұрадов,-Қазақстан халқы Ассамблеясы да Президент Жолдауын насихаттауға белсене атсалыспақ. Халықтар арасындағы бірлік пен достықты сақтау, татулыққа иек арту біздің басты міндетіміз».
2015 жыл – елімізде Қазақстан халқы Ассамблеясының жылы болып жарияланғаны мәлім. Осы мерзім ішінде жалпыұлттық сипаттағы мәдени-көпшілік шаралары жүзеге асуы тиіс.
-Келесі жылдың 1 қаңтарынан бастап Жолдауда көрсетілген барлық міндеттер орындалуы керек деп Елбасы біздерге үлкен жауапкершілік жүктеді. Сондықтан, қазір барлық өңірлерде ақпараттық-насихат топтары жұмыс істеп жатыр. Ерекше атап өтетін жәйіт, маңызды құжат елдің әлеуетін арттыруға аса септігін тигізеді. Бұл жолғы Жолдауды жүзеге асыру үшін Парламентте «Нұр Отан» фракциясынының жанынан қоғамдық жұмысшы комиссиясы құрылды,-деді ҚР Паламент Мәжілісінің депутаты Ирина Аронова. Ол өзі де осындай комиссияның бірі- әлеуметтік салаға бағытталған топқа жетекшілік етеді. Аталған комиссия Ұлттық қордан және республикалық бюджеттен бөлінген қаржының жұмсалу барысын қадағалайды.
Кездесуде халық қалаулылары бірталай сұрақтарға жауап берді. Түстен кейін депутаттар Қостанайдағы бірқатар кәсіпорындарды аралап, қарапайым жұртшылықпен кездесті.
Айбек Кәдірұлы