Ұлт тілін ұлықтаған

Заманымыздың заңғар ақыны Мұхтар Шахановтың 75 жылдығына орай Рудный индустриялық институтының кітапханасында «Ұлт тілін ұлықтаған» атты әдеби-сазды кеш өтті.IMG_2359
Мұхтар Шаханов – белгілі қоғам қайраткері, көрнекті қазақ ақыны, оның шығармалары әлемнің көптеген тілдеріне аударылған. Шара барысында оқу орнының студенттері ұлт тілін ұлықтаған ақынның өмірі мен шығармашылығы туралы толық мағлұмат алды. Оның шығармаларын тыңдап, өздері де халықтың көңілінен шыққан таңдаулы өлеңдерді оқыды. Кешті ұйымдастырушы «Қазақ тілінің жанашырлары» клубының бір топ белсенділері болса «Төрт ана», «Желтоқсан алаңы», «Мені неге Мұхтар қойған», ақынның сөзіне жазылған белгілі «Әке туралы жыр», «Туған күн кешінде» әндерін орындады.IMG_2373
Кеште Мұхтар Шахановтың шығармашылығы өз алдына, қайраткерлігі мен қайсарлығы туралы да біраз көңілге қонымды әңгімелер айтылды. Кеңестік қызыл биліктің құрығы ұзын, қылышы қынабында тұрған шағында, желтоқсан ызғарында ұлттық намысын ұрандатып шығып, аяусыз жазаланған ұлтымыздың арын Мәскеу төріндегі мінберде қозғап, ұлттың ұлылығын дәлелдейтін шақтарда үнсіз қалмаған Шахановтың қайраткерлігі жастарға үлгі етілді. Әдеби-сазды шара соңында студенттердің назарына «Ұлт тілін ұлықтаған» және «Қайсар рухты ақын» атты көрмелер ұсынылды.IMG_2406
 
Қуаныш ЕСҚАБЫЛ

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓