Жаңа қойылым жүректерге жол тартпақ
І.Омаров атындағы облыстық қазақ драма театры Қостанай облысында ғана емес, сонымен қатар Қазақстан бойынша шоқтығы биік мәдени ошақтарының бірі десек, асыра айтпағандық болар. Келер жылы театр өзінің 15 жылдық мерейтойын қарсы алмақшы. Театрдың осыдан он бес жыл бұрын қойған алғашқы қойылымы "Абылай хан" болған. Сол кезде ұжымның тұсаукесер туындысының қоюшы режиссері марқұм Жамбылбек Есенбеков болды.
Қазірде шығармашылық ұжым репертуарында көрермен көңі-лінен шығып жүрген көптеген пьесалық қойылымдар бар екенін мақтанышпен айтуға болады. Әрдайым шығармашылық ізденіс үстінде жүретін ұжым құрамындағы актерлер өздерінің өнерлерін шыңдап отырады деуге негіз бар. Театр ұжымының халық-аралық, республикалық байқауларға қатысып, жүлделі орындарға ие болуы осының дәлелі.
Сондай-ақ, өнер ұжымы үшін биылғы жыл өте табысты аяқталуда. Олай дейтініміз, Тобыл өңіріндегі өнер ордасының құрамы сегіз бірдей жас мамандармен толықты. Ж. Елебеков атындағы Республикалық эстрада-цирк колледжін бітірген жас әртіс-тердің қатысуымен қазір Сұл-танәлі Балғабаевтың "Қыз жиырмаға толғанда" пьесасына дайындалып жатыр.
Біз театрдың көркемдік жетекшісі Ерсайын Төлеубайды жаңа қойылымға дайындық барысында жолықтырып, пікірін білген едік.
Оның айтуына қарағанда, "Қыз жиырмаға толғанда" пьесасы адамның жүрек қалауы мен жұбайлық ғұмырдағы сыйластық, адамгершілік ар алдындағы жауапкершілік мәселесіне арналған.
Басты кейіпкерлердің бірі – Ғайыпберген тұр-лаулы сезімі жоқ, өзіндік күнделікті ұсақ-түйек тұрмыстың мәселелерін жеңіл жүріспен шешетін, тіршілік қозғалысындағы адамдарда шынайы махаббат, шын беріле сүю сезімін мойындамайтын адамдардың жинақ-талған бейнесі.
Асыл, адал сезім иесі Тәукенмен диалогы да өмір шындығын көз алдымызға әкеледі. Ғайыпберген тектес адамдардың осындай жан ділі психологиясының ықпалымен тұрмыстық-әлеуметтік ортадағы азғындаудың, тұрлаусыздықтың, селқостықтың, салғырттықтың адамдар қарым-қатынастарындағы опасыздықтың, екіжүзділіктің, т.б., жағымсыз қасиеттердің мол орын алып келе жатқаны анық.
Сондықтан да бұл қойылымның жөні бөлек. Ол жастарға үлкен ой салатын туынды. Еліміздің өнер ордаларында 10-15 жыл бұрын үзбей сахналанып, кейін ұмыт бола бастаған туынды. Сондықтан да, бұл пьесаға қазіргі заманға сай көптеген жаңашылдықтар енгізілген.
Жаңа қойылымның тұсау кесе-рі желтоқсан айының 8-9 күндері өтпек. Ендеше талай жанға ой салып, өмір шындығын көз алдыңыз-ға әкелетін "Қыз жиырмаға тол-ғанда" пьесасының тұсау кесерінен құр қалмаңыздар ағайын.
Мешіт
ҒАЗИЗ
СУРЕТТЕ: дайындық кезінде.
Суретті түсірген
Бағдат АХМЕТБЕКОВ