Балаларға базарлық
Рудныйдың бірқатар аулаларында бүлдіршіндер үшін ойын алаңдары құрылды. Бұл игі іс Рудный қаласы әкімдігінің белсенді қолға алуымен екінші жыл қатарынан іске асырылып келеді. Биылғы жылы 1 жастан 7 жасқа дейінгі балаларға арналған «Балалар қалашығы» керемет тосын сый болып отыр.
Рудный қаласы Тұрғын үй- коммуналдық шаруашылығы бөлімінің инспекторы Бахтияр Толебаевтың айтуына қарағанда, қалада 2012-2020 жылдарға есептелген шағын қалаларды дамыту бағдарламасын жүзеге асыру аясында жергілікті билік өкілдерінің қолдауымен жоспарға сай шағын архитектуралық үлгілермен балалар алаңы салынуда. Ол үшін қалалық бюджет есебінен 20 млн теңге бөлінді. Оның ішінде 11млн 872 мың теңгеге 5 алаңды орнату үшін «SMT-COMPANY» серіктестігімен келісім- шарт жасалды.
Жаңа ойын алаңы әткеншекпен, айналма құралдармен және басқа да балалар ойынына арналған құралдармен жабдықталған. Балалардың бос уақытын мағыналы өткізіп, дене еңбегімен айналысуында өз ауласындағы ойын алаңының маңызы зор. Балалар ойын алаңының ашылуы – ел ертеңі болар балғындарымыз үшін жасалған игілікті шара. Ойын алаңындағы түрлі-түсті әткеншектер, сиқырлы айналмалар, сырғанақтар мен сатылар шағын аудан үйлерінің ауласына сән беріп, ерекше көз тартады. Дәл осындай ойын алаңдары қаламыздың 5 ауданында орнатылды.
Олар Сандригайло 70, Ленин көшесі 147, Комсомол даңғылы 39 және 50 лет октября 6,8,10 үйлердің аумағында.
Бүлдіршіндер өздеріне арнап шақталып жасалған қызықты әткеншектермен түрлі ойын жабдықтарын көріп мәз – мейрам.
Шын мәнінде, өскелең ұрпақтың игілігі үшін ашылған ойын алаңы бүлінбей сақталса игі. Ойын алаңында жас тұрғындардың жарқын дауыстары мен күміс күлкілері естіле берсін.
«Рудный даусы» қалалық телерадиотарату редакциясы