Асыл қазынам
Тіл халықтың жаны мен сәні, тұтастай келбеті, ұлттық болмысы. Тіл құрыса, халық та жер бетінен жоғалады. Адамзат тарихында көптеген өркениетті елдердің өшіп кетуі алдымен тілді жоғалтудан басталады. Әр халықтың өзінің ана тілі бар. Тіл жеке адам ойлап тапқан туынды емес, ол барша ұлтқа ортақ, соның төл перзенті.
Тіл қай ұлттың болмасын тарихы мен тағдыры, тәлімі мен тәрбиесінің негізі, қатынас құралы. Тіл арқылы біз оқып білім аламыз. Тіл арқылы даналар сөзін оқып білеміз, одан ғибат аламыз. "Өнер алды – қызыл тіл". Тіл халықпен бірге жасайды, дамиды, өркендейді.
Халқымыздың аса бай рухани қазынасы туған ана тіліміз, ол – қазақ тілі. Қазақ ілі өзінің даласындай бай. Қазақ тілі қасиетті қазақ домбырасымен, өлең шумақтарымен үндесіп жатыр.
Ана тілің – арың бұл,
Ұятың боп тұр бетте.
Өзге тілдің бәрін біл,
Өз тіліңді құрметте, – деп ақын ағамыз Қадыр Мырза Әли жырлағандай, өз ана тілімізді құрметтеуіміз керек. Тіл құдіреті ерекше. Оның бітпесті бітіретін, жетпесті жеткізетін, үзілгенді жалғайтын мүмкіндігі бар. Бір ауыз сөз опық жегізіп, өмір бойы өзегіңді өртесе, бір ауыз тауып айтылған сөз жадыңда жатталып, бақытқа жеткізеді. Ал адамды мұратқа жеткізетін ана тіліміз бен дәстүріміз.
"Тілден асқан байлық жоқ". Ал халқымыз бен мәңгі жасайтын қазақ тіл байлығымызды қастерлеп ұмытпайық. Ол мәңгі өшпейді, тозбайды.
Гүлден ЖҰМАҒАЛИҚЫЗЫ,
Қостанай гуманитарлық колледжінің қазақ тілі пәнінің оқытушысы.