Ақын інінің ілтипаты
Облыстық "Қостанай таңы" газетінде алуан тақырыптағы туындылары ұдайы жарияланып тұратын қаламгерлер Жақсылық Жүнісұлымен Нағашыбай Мұқатовтың бір отбасы перзенттері екенін оқырманның көбі біле бермейді. Қазақтың ежелгі дәстүріне сай кезінде Жәкең тегін үлкен атаға жазып жіберген көрінеді. Ал Нағашыбайдың мәртебелі журналистік мамандықты дұрыс таңдап, поэзия әлеміне қанат қағуына баспасөз ардагері Жақсылық шын мәнінде қамқоршы болыпты. Інісі туған ағаның бұл жанды жанашырлығын ешқашан ұмытпай, орайын тауып қандай құрмет көрсетсем екен деп көптен ой жетегінде жүреді екен. Соның сәті түсіпті. Нағашыбай Қостанай қаласындағы облыстық мұрағатқа барып, Жанкелдин аудандық "Жаңа өмір" газетінің 1960-ншы жылдардағы бірнеше сандарын парақтап, Жәкеңнің түрлі тақырыптағы лирикалық өлеңдерін ерінбей қағазға түсіріпті. Жедел компьютерге бастырыпты. Сосын өз қалтасынан қаржы жұмсап, Алматы қаласындағы "Тоғанай-т" баспасынан кітап етіп шығарыпты. Алғы сөзін Бүкіл түркі әлемі фестивалінің, Халықаралық "Алаш" сыйлығының лауреаты, Қазақстан Републикасының еңбек сіңірген қайраткері, талантты ақын Серік Тұрғынбекұлы жазған "Табиғатпен егізбін" деп аталатын бұл жинақ талғампаз оқырманды бейжәй қалдырмайды. Кезінде Кеңшілік, Серік, Серікбайлармен қанаттас жүріп, қатар жазған Жәкең жырлары тау суындай тасқындап, төгіліп-ақ тұр.
Жуырда Нағашыбай ақын Арқалыққа сапар шегіп, ағасы, қарымды қаламгер Жақсылық Жүнісұлының туған күн кешіне қатынасып, өз бастамасымен жарық көрген жыр кітабын авторға сыйға тартты. Ақын інінің адамгершілік,қайырым тұрғысынан жасаған ілтипаты ішті жылытады, әрине.
Сәлім Меңдібай