“Тобылдан” тағы төрт футболшы кетті
Қысқы маусымаралық үзілісте ел футболы елеулі өзгерістерге толы болатыны бар. Алайда, футболшылар демалыстан шықпай жатып, "Тобыл" клубы тағы төрт футболшымен қош айтысты. Өткен жолы командадан Ондрей Кушнир мен Иржи Иеслинектің кеткенін айтқанбыз. Бұл жолы Қостанай футболының түлегі , 22 жасар жартылай қорғаушы Бейбіт Әбішев, 25 жастағы Александр Шкот, Алексей Малышев және 19 жасар Әлішер Сүлей командадан кетті.
Бұлардың арасында тек Әлішер Сүлей ғана Павлодардың "Ертісімен" келісім-шартқа отырды. Жамбыл футбол мектебінің түлегі "Тобылда" үш жыл ойнады. Ол барлығы 34 рет алаңға шығып, 1 рет нысананы дәл көздеген. Футбол сарапшылары Әлі-шер Сүлейді еліміздегі талантты жас футболшылардың бірі ре-тінде бағалайды. Ол "Тобылға" дейін Киевтің "Динамо" командасында бақылаудан өткен.
Ал өзінің футболдағы жолын 2007 жылы бірінші лигадан – "Тобыл-2" командасының құрамында бастаған Б.Әбішев 2009-2014 жылдары қосалқы құрамда барлығы 101 матч өткізіп, 27 доп соғыпты. 2013-2014 жылдары Бейбіт негізгі құрамда 22 ойынға қатысып, 2 рет мергендігімен танылған болатын. Бейбіт Әбішев 2010 жылы "Тобыл" сапында ел чемпионы атанды. Кейінгі жылдары ол негізгі құрамда алаңға өте сирек шықты.
Болашағынан мол үміт күт-тірген футболшыларды босат-қанына қарағанда клуб басшылығының бір ойлағаны бар болуы әбден мүмкін. Бәлкім, "Тобыл" сапына өзге де мықты футболшылар шақырылар. Өйткені, жылда "көштен қала беру" жерлестерімізге онша жарасып тұрған жоқ. Айтпақшы, 1 желтоқсан күні клуб басшылығы литвалық қорғаушы Арунас Климавичуспен келісім-шартқа отырды. Ол осыған дейін Талдықорғанның "Жетісуында" өнер көрсеткен болатын. Бұрнағы жылдары Литва құрамасының ойыншысы А.Климавичус бірқатар ресейлік командаларда ойнаған. Жаңа футболшы қостанайлық командаға сіңісіп кете ала ма, оған енді уақыт төреші.
Айбек
Кәдірұлы