Шарапаты мол шара

2015-2017 жылдарға арнал-ған бағдарлама аясында қаладағы көп қабатты 42 үй күрделі жөндеуден өтеді. Мәселен, келесі жылы ескі тұрғын үйлердің алтауы жөнделетін болды. Бұған қазынадан 100 млн.теңге қаржы бөлінеді. Қазірдің өзінде Бородин көшесіндегі 180,174-ші және Мәуленов көшесінің бойындағы 19 үйдің жобалық-сметалық құжаттары әзір. Бұл тұрғын үйлерді күрделі жөндеу 55 млн.теңгеге бағаланып отыр. Оның үстіне 74 млн.теңгеге тағы сегіз үйдің жобалық-сметалық құжаттары әзірленуде. Ол үйлердің ЖСҚ мен сараптама қорытындысы алдағы екі аптаның ішінде дайын болуы тиіс. "Тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы" мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде мердігерлер ескі үйлерді жөндеп қана қоймай, ондағы барлық жылу, су құбырлары жаңартылады. Бұл мақсаттың өзіне үстіміздегі жылы 1 млрд.теңгеден артық ақша жұмсалған.

Мекеме басшысының сөзінше, қаладағы коммуникациялық жүйелердің 74% көнерген. Ал негізі жылу, су құбырлары қалыпты жұмыс істеу үшін оның жарамдылығы 40%-дан аспауы тиіс. Сондықтан, ескірген инженерлік жүйелерді жаңартудың өзі қыруар қаржыны қажет ететіні түсінікті.
Үстіміздегі жылы шаһарда 11 көп қабатты тұрғын үй жөнделді. Яғни, барлығы 173,052 мың.теңге қаржы игерілген. Жалпы, тұрғын үйлерді жаңғырту бағдарламасы бойынша ескірген баспаналардың шатыры, қас беттері, кіреберісі, жертөле және инженерлік жүйелер жаңартылады. Және жылу есептегіш құрылғысы қоса орнатылады.
– Жаңа кейіпке енген үйлердің тұрғындары ай сайын баспананың шаршы метріне байланысты ғана ақша төлейді. Оның өзі болмашы. 4-6 мың теңге көлемінде. Кейбір тұрмысы төмен зейнеткерлер тіпті төлемнен боса-тылған. Мәселен, Павлов көше-сіндегі 41 үйдің 2 пәтерінде тұратын Н.С.Есентаева есімді кісі ай сайын 5 мың 372 теңге төлеу керек-тін. Алайда, оның жағдайымен санасқан қалалық жұмыспен қамту бөлімі 100%-дық төлемді өз мойындарына алды. Сондай-ақ, Г.М.Алексеева деген кісінің ай сайынғы жарнасын үкімет өзі төлеп отыр. Мұндай мысалдар жеткілікті, – дейді Оразтай Рамазанов.
Рас, бағдарламаның ережесінен бейхабар кейбір тұрғындар баспаналарын жөндетуден қашқалақтайды. Кім, не істеймін десе де өз еркі. Дегенмен, жөндеу жұмыстарының жарты шығынын мемлекет өз мойынына алып, тұрғындар үшін тиімді ұсыныс жасап жатқанда мұндай кереғар пікірлермен санасу мүмкін емес.

Мұндай мүмкіндікке Рабочая 174,180, Узкоколейная 25,22, Вокзальная 2, 2/1, Майлин 19, Садовая 23, Орджоникидзе 44, Әл-Фараби 121, Урожайная 20 тәрізді үйлер ие болып отыр.

– Бұл үй салынғалы бері жөндеу көрмеген. Сырты үгітіліп, құлағалы тұр. Былтырдан бері баспанамызды үкімет жөндеп береді екен дегенді естіп қуанып қалдық. Кім жөндесе де сапалы етіп, дұрыстап берсе екен. Әсіресе, кәріз жүйесін жаңалау керек. Өйткені, онда жиналған су біткен біздің үйдің астына жиналады, – дейді кейуана. Оның сөзін осы екі қабатты үйдің 6-шы пәтерінде тұратын Жаңыл Жүргімбекова да қуаттайды. Жаңыл апайдың мұнда қоныстанғанына да он бес жылдан асыпты. "Содан бері ешбір өзгеріс болмаған еді. Мына "Тұрғын үйлерді жаңғырту" деген бағдарламасының арқасында қаладағы үйлерді жөндеп беріп жатыр дегенді естіп біздің де дегбіріміз қашты. Кімнің жаңарған үйде тұрғысы келмейді дейсің. Үйімізді талапқа сай жөндеуден өткізсе жақсы болар еді".
Жаңыл Қабатайқызы өзі тұратын үйдің әбден ескіргенін айтады. Расында да салынғанына алпыс жылға жуықтаған үйдің сыртқы көрінісі қараған жанға қораш көрінеді. Ал мұндай баспаналар облыс орталығында аз емес.
2015 жылдан бастап "Тұрғын үйлерді жаңғырту" бағдарламасына ішінара өзгерістер енгізілді. Яғни, бұрынғыдай жөндеу жұ-мыстарының бағасы ЖСҚ бойынша есептеліп, тек ағымдағы жөндеу жүргізілмейді. Жобалық-сметалық құжаттар әзірленгеннен кейін, жөнделуге тиіс үй сараптамадан өткізіледі. Соның қорытындысын күту керек. Бұдан былай барлық нысандар арнайы жоба арқылы жөнделеді. Мәселен, оларға термомодернизация-ның элементтері пайдаланылады. Ол дегеніңіз, ғимараттардың сыртын қаптағанда жылу ұстайтын материалдар қолданылады деген сөз. Және кіресберісті жөндеу барысында пластикалық терезелер мен есіктердің сапалылығы ескеріледі.

Қалай болғанда да облыс орталығының тұрғындары мемлекеттік бағдарламаның шарапатын көріп жатқанына риза екен-діктерін жасырмады.
Айбек
КӘДІРҰЛЫ
Суреттерде: Қостанай қалалық тұрғын үй-шаруашылық инспекциясының басшысы Оразтай Рамазанов; облыс орталығындағы жаңартылған үйлер; Орджоникидзе көшесіндегі №44 үйдің тұрғындары Ж.Жүргімбекова мен К.Поздеева жөндеу жұмыстарын асыға күтіп жүр.
Суреттерді түсірген Айбек ЖҮЗБАЙ.