Жаңа ойыншылар – жаңа серпін
Қостанайлық "Тобыл" футбол клубында ауыс-түйістер жалғасуда. Командадан белді ойыншылардың бірі Чиприан Дяк кетсе, оның орнына жаңа ойыншылар келіп үлгерді. Алдымен, бізге ертеректе белгілі болғандай, команданың қорғанысын Сергей Малый күшейткен еді. Ұлттық құрама мен ел біріншілігіндегі азулы клубтардың сапында өнер көрсеткен Сергейдің Еуропа аренасында да тәжірибесі жетерлік. Бұл өзгеріс алдағы жылы "Тобылдың" ойнына серпін береді деген сенімдеміз.Ал, қақпашылар қатарын ақтөбелік Станислав Павлов толықтырды. Жалпы, трансфер кезінде жақсы тіл табыса білетін Қостанай және Ақтөбе командаларының өзара ойыншы алмасуы үйреншікті нәрсе. Станислав ұлттық құрама жастарының қақпасын күзеткен болатын. Бірақ, клубтық деңгейде көсіліп ойнай алмады. Қосалқы құрамда уақыт ұттырған қақпашы өзін Ақтөбеден кейін, Тобыл төсінде сынап көрмек ниетте екен.
Жоғарыда айтып өткеніміздей, "Тобылға" "Ақтөбе" ойыншылары жиі ауысады. Тобыл-Торғай намысын қорғап жүрген біздің командаға бұрынғы ақтөбелік Алексей Щеткин келді. Әуелде елордалық "Астанада" біраз ойнаған еді, алайда ол жақта бар қырынан ашыла алмады десе болады. Талай сынға іліккен шабуылшы керісінше "Ақтөбеде" өткізген аз ғана уақыт ішінде жасындай жарқылдап үлгерді. Былтырғы маусымды өзі үшін сәтті аяқтаған болатын. Сондай-ақ, қазақстандықтарды өзінің жалақысымен жаға ұстатқан Щеткиннің Қостанайдағы күнкөріс көлемі қанша екені әзірше белгісіз. Ол "Ақтөбе" сапында ай сайын 9 млн теңге алған еді. Ескрете кетейік, "Тобыл" ФК биыл жартылай жеке меншікке өткені болған еді. Командадағы өзгреістер оң нәтижесін берсе екен дейміз.