Ерлан – «Бала барысы!»
Қостанай қаласы №28 мектеп-гимназиясының ұйымдастыруымен «Балалар жылы» және Ұлт ұстазы, Алаш ардақтысы Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығына орай қазақ күресінен жасөспірімдер арасында тұңғыш рет «Бала барысы» облыстық турнирдің ашылуы өтті.
Жарыстың ашылу салтанатында Қостанай қалалық білім бөлімінің басшысы Гүлсім Оразбаева сөз сөйледі.
-Бұл спорттық шара Алаш зиялыларының көсемі Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдық мерейтойына орай ұйымдастырылып отыр. Жалпы Қостанай жері тарихи тұлғаларды дүниеге келтірген киелі мекен. Алаш арыстары елінің жарқын болашағы үшін қызмет етті. Сонымен қатар, Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтің бастамасымен биыл «Балалар жылы» деп жарияланды. Президент өз сөзінде балалардың құқықтарын қорғап, дарыны балаларды қолдауымыз керектігін ерекше атап өткен болатын. Өнегелі білім, үлгілі тәрбие алу сіздердің басты міндеттеріңіз. Сіздер – біздің болашағымызсыңдар. «Рухани жаңғыру» бағдарламасының іске асырылуына да бес жыл толады. Ұлттық спортымызды насихаттау осы рухани жаңғырудан басталады. Сол себепті облыстық деңгейде «Бала барысы» турнирін бірінші болып өткізіп отырмыз. Мақтаныш сезімі бөлейді. Бүгін бес аудан және төрт қаладан жас спортшылар келіп қатысып отыр, – деп Гүлсім Әділханқызы барлық қатысушыларға сәттілік тіледі.
Тұңғыш рет өткізіліп отырған додаға облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының Ұлттық спорт түрлерінен балалар, жасөспірімдер спорт мектебінің басшысы Айбат Қабажаев сынды спорт ардагерлері қатысып, спортшыларға сәттілік тілеп, қазақ күресінің дамуына үлес қосып жүрген азаматтарға алғыстарын жеткізді.
Алдымен жас барыстар жеребе тартып, боз кілемдегі шалт қимылын бақылайтын төрешімен таныстырылып, доданың алғашқы легі тартысқа түсті.
Аталмыш турнирге Арқалық, Лисаков, Қостанай қаласы, Қостанай және Федоров аудандарынан 25 жас палуан боз кілемде күш сынасты. Осыған дейін қазақ күресінен аудандық, облыстық жарыстарға қатысып, үздіктер қатарынан көрініп жүрген жас палуандар доданы қыздыра түсті. Белдесулер қызықты да тартысты өтіп, жас палуандар өздерінің бақтарын сынады. Қазақ күресіне деген құлшыныс жарысқа қатысушы әр баланың жанарында байқалып-ақ тұрды. Өйткені, әрбірі жеңіске құштарлық танытып, намысқа тырысып бақты.
Нәтижесінде Қостанай ауданының жас палуандары алдыңғы қатарлардан көрінді. I орынды Ерлан Айдос еншілесе, II орын Нұржан Аманбаевқа бұйырды. III орынға Дәулет Мұхабетқали иемденді. Жарыс барысында жеңімпаздар мен жүлдегерлер осы жарысқа арнайылап жасалған медальдармен және қаржылай сыйлықтармен марапатталды. Сондай-ақ, тартысты додада жақсы күрескен Қостанай қаласы Ғ.Қайырбеков атындағы №9 жалпы білім беретін мектептің оқушысы Жаңабай Егінсаевқа білім саласының ардагері Гүлсім Сәтбекқызы қаржылай демеу жасадЖүлделі орынға ие болған Ерлан Айдостың болашағынан жаттықтырушысы зор үміт күтеді:
-Қазақ күресінен төрт жыл қатарынан тынбай дайындалып келеді. Шәкіртімнің болашағынан зор үміт күтемін. Алда Шымкентте өтетін республикалық чемпионатқа жолдама алды, сонда бағын сынайтын болады, – дейді бапкері С.Дәрменбаев.
Айта кету керек, облыстық турнирдің өткізілуіне Қазақ ұлттық спорт мектебінің директоры Айбат Қабажаев, «Альфа» банкі АҚ Қостанай филиалының директоры Әлия Ахметова, аймақтық жасөспірімдер денешынықтыру және туризм орталығының директоры Қуаныш Беймурзин, жеке кәсіпкер Санай Дәркенбай, «BARAKAT S» ЖШС директоры Ерлан Нұрғалиев, ата-ана Дәуренбек Әбдуов және де есімдерін жарияламауды сұраған азаматтар қаржылай және заттай демеушілік көрсетті.
Ахмет атамыздың 150 жылдығына орай мұндай ауқымды шара аталған білім ошағында екінші рет кең көлемде аталып өтті.