Оқыс оқиғалар көбейген

Биылғы жылы облыс аумағында бірнеше оқыс оқиғалар орын алды. Көпшіліктің көңілін күпті еткен төтенше жағдайлар туралы сейсенбіде облыстық әкімдікте өткен аппарат мәжілісінде айтылды.
IMG_9662Жылқы жылы өңірде жол-көлік оқиғаларынан қаза тапқандардың саны көбейген. Өткен он айдың қорытындысында 101 адам жол-көлік апатынан қаза тауыпты. Мұндай апаттың 85%-ы көлік жүргізушілерінің кінәсінен болып отыр. Өңір басшысы алдағы уақытта мұндай апаттарды болдырмау үшін қауіпсіздік шараларын күшейтіп, тәртіпті қатайту керектігін баса айтты.
Аймақ халқын дүр сілкіндірген төтенше жағдай 27 қарашада орын алған еді. Қайғылы оқиға облыс орталығындағы Алтынсарин-Фролов көшелерінің қиылысындағы коллектордың құрылыс жұмыстары барысында болды. Нәтижесінде екі азамат қаза тауып, біреуі ауыр жарақатпен ауруханаға жеткізілді. Екі азаматтың өлімі мердігер мекеменің қарапайым қауіпсіздік ережелерін сақтамағаны салдарынан болғаны анықталды.
-Аталмыш оқиға баршамызды алаңдатып отыр. Сондықтан істің анық-қанығы тексерілуі тиіс. Жаңадан құрылған облыстық еңбек инспекциясы басқармасы тиісті шараларды қолға алғаны жөн. Өндіріс орындарында алдын алу шаралары дер кезінде жүргізілуі керек. Көп жағдайда адамдар жұмысқа  уақытша алынады. Жұмыс беруші тарап еңбек қауіпсіздігін ескере бермейді,-деді облыс әкімі Н.Садуақасов. 
Облыстық еңбек инспекциясы басқармасы басшысының міндетін атқарушы Максим Моргуновтың айтуынша, қайғылы оқиғаға байланысты 28 қарашада арнайы комиссия құрылып, зертттеу жұмыстары басталған. Әзірге, әлеуметтік зерттеудің нәтижесі белгісіз. Зерттеудің қорытындысы он жұмыс күні ішінде, яғни 12 желтоқсанға дейін анықталатын болады. Бұл оқиға бойынша қылмыстық іс қозғалды.
 
Қымбат Досжанова

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓