Елбасы өмірінен бір күн
Рудный индустриялық институтында Тұңғыш Президент күніне орай "Елбасы өмірінен бір күн" атты дөңгелек үстел өтті. Оған қалалық мәслихат хатшысы Валерий Лощинин, институт пен Рудный қаласы колледждерінің студенттері қатысты.
Алдымен жиналған қауымның назарына шағын бейнеролик ұсынылды. Онда Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың мемлекеттілікті құрудағы, тәуелсіз Қазақстанның дамуындағы, қоғамның демократиялануы мен президенттік институттың нығаюындағы тарихи рөлі, халықты біріктіру үдерісі-не, бейбітшілік пен келісімді нығайтуға, сол сияқты елдің сыртқы саяси стратегиясын айқындауға қосқан үлесі көрініс тапты.
Одан кейін сөз алған оқу орнының проректоры Жасұлан Алпысбаев:
– Бүгін біз Тәуелсіздік жылдарында жеткізген же-тістіктерімізді және бұл үдерістердегі Ұлт Көшбасшы-сының рөлін талқылаймыз. Мемлекет басшысының тұлғасы біздің егеменді тарихымыздың барлық оқиғаларында өз ізін қалдырғаны сөзсіз, – дей келе аталмыш шараның тәрбиелік мән-мағынасына тоқталды.
Ал қалалық мәслихат хатшысы Валерий Лощинин:
– Бұл дөңгелек үстел еліміз ҚР Тұңғыш Президенті күні мемлекеттік мерекесін тойлау кезеңінде өтіп жатқаны символикалық мәнге ие. Біздің мемлекетіміз Тұңғыш Президентін сайлағаннан кейін, Қазақстан Республикасы деген жаңа атауы мен өз Тәуелсіздігін алды. Сондықтан қазақстандықтардың санасында ел Тәуелсіздігі, президент институты мен ҚР Тұңғыш Президенті егіз ұғым болып қалыптасуы – заңдылық деді.
Дөңгелек үстелде институттың жастар ісі бөлімінің жетекшісі Анастасия Самойлова, Ы.Алтынсарин атындағы Рудный әлеуметтік-гуманитарлық колледжінің оқушысы Ақжібек Жайылғанова, Рудный құрылыс және көлік колледжінің оқушысы Павел Шейк, "Қазақ тілі жанашырлары" клубының жетекшісі Әлия Закария, сондай-ақ институттың белсенді студенттері Гүлмира Заманхан, Шаттық Жұмабекова, Қазбек Нұрғожиндер Елбасының жастарға жасап жатқан қам-қорлығын сөз етсе, тағы бір топ студент өзінің жүрекжарды жырларын оқып, Ұлт Көшбасшысына деген шексіз құрметін жасырмады.
Шара соңында қатысушылардың құптауымен Нұрсұлтан Назарбаевтың "Нұрлы жол – болашаққа бастар жол" атты Жолдауын табысты жүзеге асыру бойынша Рудный қаласы әкімдігінің ішкі саясат бөлімі, қалалық мәслихат пен институттың студенттік кеңесіне бірқатар ұсыныстар жасалды.
Қуаныш
ЕСҚАБЫЛ
СУРЕТТЕ: "дөңгелек үстелден" көрініс.
Суретті түсірген автор.