Жүрегі қазақ деп соққан
Мынау суреттегі екі баланың ұлты өзге болғанымен, көздері жанып, өздері қазақ тілінде ағып тұр. Қазақтың қаймағы бұзылмаған Соналы ауылында туып, қазақша тіл сындырып, тәрбие көрген. Тіпті, әжесі мен ата-анасы да қазақшаға судай.
Бликовтар отбасының қазақ тілін бір қазақтай біліп өсуіне тың еңбеккері Никкел Рыбинаның тигізген үлесі зор. Өйткені, ол 1954 жылдан бері Соналыдай қазақ ауылында еңбек еткен жан. Содан осы ауылда тұрақтап қалды. Бүгінде балалары отбасында көрген тәлім-тәрбиені ұрпақтарына ұлықтап келеді.
Тың еңбеккерінің немерелері, ағалы-қарындасты Артем Бликов пен Алена Бликова Соналы орта мектебінде оқиды. Оқу үлгерімдері жақсы. Кішкентайларынан мемлекеттік тіліміздің мәртебесін көтеруді қолға алған олар, болашақта да зор үлестерін қоспақ. Қазір, Артем 5-сыныпта оқыса, ал Алена 3-сыныпқа барып жүр. Екеуі де бос уақытта бос жүргенді ұнатпайды, мектептің қоғамдық өміріне белсене араласады. Әсіресе, Артем жүгіріс, қазақша күрес десе ішкен асын жерге қояды.
Тілдері қазақша шыққан бұл балалардың армандары да асқақ. Айталық, Артемнің арманы – ақ халатты жандардай дәрігер болу. Ал Алена болса, мұғалім атанып, ұлағатты ұстаздарының сенімін ақтап, мектебіне, еліне қызмет етуді армандайды.
Мінеки, еліміздің ертеңіне айналып, "Мәңгілік Ел" жолында аянбай тер төгетін осындай өскелең ұрпақтарды көріп, бір жағынан оларға сүйсініп, төбең көкке бір елі жетпей тұрса, ал енді екінші жағынан кейбір өз тілін өзекке тебетін, мұрнын шүйіре қарайтын қаракөздерімізді ойлап, қатты қынжыласың. Шіркін, осындайда олар жүрегі қазақ деп соққан Артем мен Аленадай жандардан үлгі алса ғой дейсің…
Руслан
ӘЛКЕЕВ
Сарыкөл ауданы.
СУРЕТТЕ: Артем мен Алена Бликовалар.
Суретті түсірген автор.