Елдегі тыныштық – Елбасымыздың арқасы
дейді москалевтік ерлі-зайыпты Махмуд пен Айткүл Гаджиевтар
Мына суреттегі Махмуд пен Айткүл Гаджиевтар 2006 жылы Торғай елінен Әулиекөл ауданының Москалев ауылына көшіп келіпті. Бүгінде көп балалы ана үйде бала тәрбиесімен отырса, отағасы осы ауылда жекенің малын бағып, адал еңбегімен табыс тауып, отбасын асырап отыр. Оның еңбекқорлығын, өз ісіне деген адалдығын ерекше бағалайтын "Москалев" ЖШС басшылары да жақында ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің күнінде ақшалай сыйлықпен марапаттаған болатын. Торғай халқының бауырмалдығы мен қонақжайлылығын көріп, бойына сіңіріп өскен Махмуд аға Москалев тұрғындарының да өте ұйымшылдығы мен тату-тәтті, береке-бірлікте өмір сүріп жатқандығына тәнті екендігін де жасырмайды.
– Менің ата-анам Әзірбайжаннан ертеректе Торғай еліне келіп, сонда қоныстанып қалған ғой. Ата-анамыз үнемі бізге бала болсақ та осы өңірдің халқының қонақжайлығын, бауырмалдығын, талай небір таланттардың шыққандығын айтудан еш жалықпайтын. Біз де сонда оқып, білім алдық, ер жеттік. Әкем Сұлтан өмірден озып кетті, ал анам Севель қазір менің қолымда тұрады. Москалев тұрғындары да бізді жылы қабылдады, осының арқасында біз осы ауылда тату-тәтті, бірлікте өмір сүріп жатырмыз. Мен кейде өзімнің әзірбайжан екенімді де ұмытып кетемін, өйткені біздің қазақ халқымен тіліміз де, дініміз де бір ғой. Жалпы, барша ұлтты бауырына басқан қазақ халқы біреуді артық, біреуді кем деп бөлген емес. Бұдан артық не керек, сондықтан еліміздегі осындай бейбіт өмірге шүкіршілік етуіміз керек. Осының бәрі әр ұлттың басын біріктіріп, айрандай ұйытып отырған Елбасымыздың арқасы, – дейді Махмуд Гаджиев.
Бала күнінен қазақша оқып, қазақша ойлап, қазақша ән-күй тыңдаған Махмуд аға осының ар-қасында өнерге де біртабан жақын боп өсті. Қазақтың кез келген дәстүрлі ән-термелерін құйқылжыта орындайтын оның бұл өнерін ауылдықтар да ерекше бағалайды. Газет-журналға жақын ол біздің "Қостанай таңын" да жаздырып алып, әр мақаласын үзбей оқиды екен.
Өмірге алты бала әкеліп, омырауына күміс алқа таққан Айткүл апай да елімізде көп балалы аналарға жасалып жатқан жағдайға көңілі толатындығын айтады, елімізде Елбасының арқасында қаншама игі істердің атқарылып жатқандығына қуанады.
– Елімізде жастарға, жас отбасылар мен көп балалы аналарға қолдан келгенше жағдай жасалып жатыр. Көп балалы ана болуымның арқасында мектеп жасындағы балаларыма ерекше жеңілдіктер жасалып, әсіресе пәлен мың теңге тұратын оқулықтарды да тегін алып отырмыз. Оның өзі қаншама көмек емей немене? Осының бәрі халыққа жағдай жасап, ел арасында алауыздық тудырмай, халыққа мамыражай тірлік сыйлап отырған Елбасымыздың арқасы. Сондықтан, барға қанағат етіп, нарық кезіндегідей қиындықтар елімізде ешқашан орын алмаса екен деймін. Әрдайым еліміз тыныш, Елбасымыз аман болса екен, – дейді көпбалалы ана Айткүл Гаджиева.
Қарлығаш
ОСПАНОВА
Суретте: Гаджиевтар отбасы.
Суретті түсірген Айбек ЖҮЗБАЙ.