Ақкөлдегі айшықты той
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қазақ халқының ынтымақтастығын жарастырып, дүниежүзіндегі халықтар мен мемлекеттер арасындағы келісімге, дүние-жүзілік мәдениетті, бейбітшілікті арттыруға сүбелі үлес қосқаны белгілі. Мемлекет басшысының сарабдал саясаты жаңа мемлекеттің келбетін қалыптастыруға, елдің болашағын айқындап, экономиканың өрлеуіне ерекше серпін берді. Елбасымен еліміздің болашағы баянды болатынына сеніміміз мол. Елбасының жыл сайынғы дәстүрлі Жолдауын асыға күтіп, әр бағдарламасының зор мәнге ие екенін жақсы түсінеміз. Соның бірі "100 мектеп, 100 аурухана" бағдарламасы бойынша салынған мектептердің бірі – шалғайдағы Жанкелдин ауданының Ақкөл ауылындағы А.Қоңқабаев орта мектебі. Аталған білім ошағының ұжымы мен ауыл жастарының көркемөнерпаздары ауылы аралас, қойы қоралас жатқан көрші Қарасу ауылында болып, Тұңғыш Президент күні қарсаңында "Елі сүйген, елін сүйген Елбасы" атты кеңейтілген бағдарламамен өнер көрсетіп қайтты. Бұл күннің ерекшелігі – халықтың Елбасы-мызға деген құрметін, ыстық ықыласын көрсетті.
Мерейлі мереке қарсаңында Ақкөл ауылының әкімі Балғабай Қалиев құттықтау сөз сөйлеп, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың ерен еңбектері мен әлемдік ауқымда жасаған жарқын бастамаларын баяндады. Мұнан кейін сөз ал-ған Қарасу ауылының әкімі Сүндетбай Оразбаев ел тізгінінің сенімді қолға тиюінің нәтижесінде жеткен жетістіктері мен ондай жеңістерге жетудегі қиыншылықтарды, соған қарамастан Мемлекет басшысының қажыр-қайратының мықтылығын, тәуелсіздікке қол жеткізгеннен кейінгі тындырымды істерін кеңінен әңгімеледі. А.Қоңқабаев атындағы орта мектептің директоры Жанат Темірова "Ғасырдың ғажап азаматы – Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев" тақырыбында мәнді де, мағыналы баяндамасын оқыды.
Баяндамашы Жанат Темірова "Қазақстан–2050" стратегиясында Елбасы қазақстандықтардың алдындағы нақты мақсаттар мен оған жету механизмдерін айқындап бергендігін, 30 елдің қатарына жетуге тың серпіліс пен еңселі еңбек жасалып жатқандығын баса айтты.
Жиын соңы салтанатты мерекелік бағдарламаға ұласты. Бала тәрбиесі мектепке дейінгі тәрбиеден басталады делінсе, "Күншуақ" балабақшасының бүлдіршіндерінің Елбасы туралы айтқан тақпақ, өлеңдері және мың бұрала билеген билері көрермендердің көңілінен шықты. Сондай-ақ "Жетіген" ансамблінің сүйемелдеуімен ауыл әншілері Мейрамкүл Байболатова, Ғалия Таспанова, мектептің музыка маманы Гауһар Ниязалиналар ән шырқап, көрермен көзайымына айналды.
"Жақсының жақсылығын айт" демекші сахнаны безендіруде, бағдарламаның жақсы өтуіне атсалысқан мектептің 10 сынып оқушылары Мәдина Арғынбай, Қаракөз Төлеген, Инабат Құрманғали, Ақниет Нұрман, Ақтолқын Базылбектерді ерекше атауға болады.
Осы шараның жалғасы ретінде 23 қараша күні Ақкөл ауылында екі ауылдың жастарымен мектеп оқушылары арасында волейбол, теннис, тоғызқұмалақ түрлерінен спорттық жарыстар өтті.
Мейрамғали АҢСАҒАНҰЛЫ,
А.Қоңқабаев атындағы орта мектептің мұғалімі.
Ақкөл ауылы,
Жанкелдин ауданы.