Өңірде құрылыс қарқын алуда
Бөлінген қаражат мерзімінде игеріліп, құрылыс саласында ең бастысы сапаға мән берілуі тиіс. Облыс әкімдігінде өткен аппарат мәжілісінде облыс әкімі Н.Садуақасов сала басшыларына осылай деп ескертті.
Үстіміздегі жылдың он айында құрылыс саласында атқа- рылған жұмыстардың барысын баяндаған облыстық құрылыс басқармасының басшысы В.Эпо-ваның айтуынша, өңірде мемлекеттік бағдарламалардың орындалу барысы жақсы жолға қойыл-ған. Әсіресе, "Жұмыспен қамтудың жол картасы–2020", "Бизнестің жол картасы–2020", "Қолжетімді баспана–2020", "Ақбұлақ" бағдарламалары аясында салынып жатқан құрылыс нысандарының да қарқыны көңіл көншітеді. Мәселен, өңірде "Жұмыспен қамтудың жол картасы–2020" бағдарламасы аясында соңғы екі жылдың ішінде 12 дәрігерлік амбулатория салынған. Ал, жыл соңына дейін Мичурин аулында да жаңа амбулатория іске қосылатын болады. Сондай-ақ, келер жылы пайдалануға берілетін тағы да үш амбулаторияның құрылысы басталды.
Олар – Федоров ауданындағы Пешков, Меңдіқарадағы Первомай және Ұзынкөлдегі Пресногорьков ауылдарында бой көтермек. Сонымен қатар, биыл басталған 300 орындық онкологиялық емхананың да құрылысы жалғасын табуда. Бұл жобаның құны 2,4 млрд. теңге, биылға бөлінген қаражаттың бүгінде 48 пайызы игерілген. Жаңа денсаулық нысаны келер жылы іске қосылатын болады. Жалпы, ағымдағы жылы облыстағы денсаулық сақтау нысандарының құрылысына 986 млн. теңге бөлінген екен, ал бұл өткен жылмен салыстырғанда 1,4 есеге көп.
Өңірдің білім саласында да атқарылып жатқан жұмыстар аз емес. Биыл осы саланы дамытуға бөлінген 709 млн. теңгенің он ай ішінде 77 пайызы игерілген. Келер жылы Қостанайда және Рудныйға қарасты Перцов ауылында салынып жатқан мектептердің құрылысы аяқталып, халық игілігіне тапсырылатын болады. Ал, облыс орталығындағы 280 орындық балабақшаның құрылысы мемлекеттік сатып-алу заңының бұзылуына байланысты уақытша тоқтатылып отыр.
– "Жұмыспен қамтудың жол картасы–2020", "Бизнестің жол картасы–2020", "2012-2020 жылдары шағын қалаларды дамыту", "Қолжетімді баспана" бағдарламалары арқылы құрылыс нысандарын салу, жөндеу жұмыстары да қарқынды жүріп жатыр. Мәселен, "Қолжетімді баспана" бағдарламасы арқылы біздің өңірге биыл 5,2 млрд. теңге бөлініп, 1576 пәтер пайдалануға берілді. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 40 пайызға артық. Әрине, бұл көрсеткіштердің әлі де көбейе түсері анық. Дегенмен, Герцен көшесіндегі екі тұрғын үйдің құрылысы әлі басталған жоқ, сондықтан 45 млн. теңгенің игерілмеу қаупі де жоқ емес. Бұған құрылыс жұмыстарын жүргізетін мердігердің болмауы басты себеп болып отыр, – дейді облыстық құрылыс басқармасының басшысы В.Эпова.
Облыс әкімі Н.Садуақасов та құрылысқа қатысты сметалық құжаттарды дайындауда кемші-ліктердің жиі тіркелетіндігін, әсіресе, тапсыру мерзімінің созылып кететіндігін алға тартты. Ал, осындай салғырттықтардың салдарынан құрылыс жұмыстары уақы-тында аяқталмай, ал оның соңы сапаға да кері әсер етіп жататындығын тілге тиек етті. Әкім ең бастысы бөлінген қаражаттың уақытында игерілуі мен құрылыс жұмыстарының сапасына баса көңіл бөлу керектігін қадап тапсырды.
Қарлығаш
ОСПАНОВА