Талғат БЕКМАҒАМБЕТОВ, Қарасу ауданы әкімінің орынбасары: “Ауыз судың мәселесін АҚША ШЕШЕДІ”
2011 жылдан бастап Қарасу ауданына Есіл су торабынан құбыр тартыла бастаған еді. Алайда, тендерді ұтқан мердігер компания өс міндеттеріне немқұрайлы қарап, ақыры ауыз су аудан орталығына жетпей қалды. Тұрғындар әлі күнге суды колонкадан тасып ішеді. Су күніне екі мезгіл – түсте және кешкісін беріледі. Мемлекеттік "Ақбұлақ" бағдарламасы қабылданғалы жылдар өтсе де, қарасулықтар ауыз судың зардабын әлі күнге тартып келеді. Біз осы орайда Қарасу ауданы әкімінің орынбасары Талғат Бекмағамбетовке жолығып, жағдайды түсіндіріп беруін сұраған едік.
– Талғат Күдербекұлы, Қарасу бойының тұрғындары арман еткен ауыз су құбыры орталыққа әлі жетпепті. Халық қазір сусыз қалай күнелтіп отыр?
– Негізі, аудан орталығында су бар. Бұрынғы ескі құбырмен келеді. Егер оны үнемі қосып қоятын болсақ, онда әбден тозығы жеткен құбырлардың ақауы сыр беріп, апатты жағдайға тап болар едік. Сондықтан, аптасына екі-ақ рет қосып, суды тұрғындардың қажетін өтеуге жеткілікті етіп құйып аламыз. Ал халық колонкалардан тасып ішеді. Оны күніне екі рет беріп отырмыз. Сосын жұрт тапсырыс берсе, арнайы су таситын көліктермен үйді-үйді аралап жүріп, ыдыстарын толтырып береді. Судың сапасы жаман емес.
– Ал аудан орталығына қарай тартылып жатқан су құбырының жағдайы нешік? Естуімізше, құрылыс жұмыстарын өз мойындарына алған мердігер компаниямен соттасып, оларға бөлінген басы артық қаражатты өндіріп алған көрінесіздер…
– Иә, естеріңізде болса 2011 жылы Есіл су торабынан Қарасу кентіне дейін құбыр тарту жұмыстары басталған болатын. Өкінішке қарай, қыруар қаржы бөлінгенмен, фирма өз міндетіне атүсті қарады. Соның салдарынан аудан орталығына 10 шақырым қалғанда құрылыс жұмыстары тоқтап қалды. Оның үстіне құбыр тарту барысында кемшіліктер кеткен. Оны енді әлгі компания өз қалталарынан қаржы шығарып, қалпына келтіріп береді. Қалай болғанда да, о баста бөлінген қаржыны қалтаға басып алғанымен, халыққа берілген уәде орындалған жоқ. Ақыры, тендерді ұтып алған "ТМ-ЗТ" деген астаналық фирмамен соттасуға тура келді. Сөйтіп, қалған 145 млн.теңгені қайтарып алдық.
– Әлгі Сіз жоғарыда атаған сома су құбырының қалған бөлігін аудан орталығына дейін тартуға жете ме?
– Жоқ, әрине. Неге десеңіз, 2011 жылдан бері қарай баға да талай өзгерді. Кезінде түзілген жобалық-сметалық құжаттар бүгінгі күннің тарифімен сәйкес емес. Сондықтан, облыс қазынасынан қосымша қаржы бөлінуге тиіс. Бірақ, оның қанша екенін мен Сізге айта алмаймын. Егер қаржы мәселесі оң шешімін тапса, онда келесі жылы аудан орталығына су жеткіземіз деп отырмыз.
– Қарасуға тартылып жатқан су құбыры жобасы бірнеше кезеңдерге бөлінбеп пе еді. Оның ішінде құбыр арқылы келіп тұрған ауыз суды үйді-үйге тартып беру де қарастырылған дегенім ғой.
– Дұрыс айтасыз. Ондай жоспар бар. Қазірдің өзінде оның жобалық-сметалық құжаттары әзірленген. Өтініш бердік. Бұл шамамен 76 млн. теңгеге бағаланып отыр. Әзірге мақұлданған жоқ. Біздің ойымызша, ақша бөлінуі тиіс. Егер жоба бекітілсе, онда Қарасудың өз басындағы үйлерге су жүйелерін тартамыз. Бұдан бөлек төрт жобамыз бар тағы. Өзіңізге белгілі, мынау Октябрь, Шолақаша, Железнодорожный және Жамбыл ауылдарына су құбырын тарту көзделген. Олардың да жобалық-сметалық құжаттары әзір.Барлық шаруа тек қаражатқа ғана тіреліп тұр. Ақшаны келесі жылы берсе, келесі жылы кірісеміз, арғы жылы болса, онда арғы жылы… Ең басты мақсатымыз, Есіл топтық су торабынан тартылып жатқан құбырды орталыққа жеткізіп алу.
– Жоғарыда ауданға қарасты төрт елді мекенге ауыз су құбырын тарту мәселесін айтып қалдыңыз. Сонда тұрғындар ауыз суды қайдан ішеді?
– Жоқ, жаңа мен айтқан ауылдардың бәрінде су бар. Мәселен, шолақашалықтар суды ұңғымадан (скважина) алады. Сол сияқты… Негізі біздің түзген жобамыздың ішінде магистральдық су құбырын жаңарту, сосын үйлерге құбыр тарту қарастырылған. Бұрынғы құбырлардың бәрі ескірген, шіруге айналған. Алпысыншы жылдары пайдалануға берілген жүйелердің бәрі шаққа тұр. Егер осы қалпында тұрса, онда құбырлар әлсін-әлсін жарылып, қаншама су босқа ағып кетер еді. Ал тозған құбырларды жөндеуге қомақты ақша керек. Сондықтан, олардың бәрін жаңартпаса болмайды. Әрі-беріден соң халықтың сапалы ауыз суға қол жеткізетін кезі келді. Мұны Елбасымыздың өзі үнемі айтып келеді. Ауылдың жағдайы түзелмей, ісіміз алға баспайды. Екіншіден, халық денсаулығы – басты мұратымыз. Олай болса, ауыз судың маңызын өзіңіз бағамдай беріңіз.
– Әңгімеңізге рахмет!
Сұхбаттасқан Айбек КӘДІРҰЛЫ.