Елдің ерекше қамы
Қазақстан Республикасының Президенті – Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың он бірінші айдың он бірінші жұлдызында асығыс деуге еш болмайтын, қиын шақтан өтуге әзірлеген өте сәтті болжанған Ұлттық қордың жинақтаған қаржысын ел дамуына жарататын сәт туды деп Әлемдік қаржы дағдарысына төтеп беруге үндеген қадамы: "Нұрлы жол– болашаққа бастар жол" атты, рет санымен есептесек 19-шы дәстүрлі Жолдауында көрсетілген өзекті мәселелер өте нақты аталған деп есептеймін.
Әсіресе, біздің шалғайлығынан қиыншылықтардың түр-түрін көріп келген Торғай үшін Батысқа шығатын күрежолға қосылатын тасжолдың Арқалық пен Торғай арқылы Қарабұтаққа шығуы әлеуметтік-экономикалық дамуымызға оң әсерін тигізері сөзсіз. Инфрақұрылымдық қызмет көрсету нысандары іске қосылып, жаңа жұмыс орындары ашылып, еңбектенген адамға табыс көзі болатыны ақиқат.
Қозғалыс – бұл өмір, яғни жол бойы шынымен елді нұрландыра түсері хақ. Екі қолға бір күрек іздеген азаматтардың көші-қоны тоқтап, халықтың кәсіппен қалыпты еркін айналысуына үлкен мүм-кіншіліктер туындайды.
Елжанды азаматтарымыз на- мысқа тырысып туған жерін түлетуге, көркейтуге өз қаржыларымен атсалысады. Сырттан инвестиция тартуға қолайлы ахуал қалыптасуға тиіс.
Жолға жұмсалып жатқан қыруар қаражаттың өтеуі – тұрғындарымыздың жайлы тұрмысы, алаңсыз жүріп-тұруы, өндірген өнімдерін бағалы және сұранысы бар жерге кедергісіз жеткізілуі, әрине, ол үшін, сапалы әрі қауіпсіз жол қажет.
Жастармен жұмыс, оның ішінде еңбекке қабілетті, білімді орта тап өкілдерін қалыптастыру Мәнгілік Елдің арманы. Ал, ол үшін ең бастылары: қолжетімді баспана, сапалы да саналы білім ошақтары, денсаулық пен спорт, мәдениетті қолдау екенін Президент айтып келді. Енді, міне, нақты қорытынды шығаруға тағы да бір қадам – Ұлттық қордан 180 млрд. теңге қаражатты арендалық тұрғын үй құрылысына бөлді. Оның қалай жүзеге асырылатынын тайға таңба басқандай көрсетіп берді, қатаң бақылау мен тексерудің болатынын шегелеп айтты.
Олай болса, әрбір қазақстандық, сол сапта біздің Торғай тұрғындарының Елбасы Жолдауына өзіндік қолдау жасап, үлес қосуларына, беріліп тұрған орасан мүмкіншілікті тиімді пайдаланып, атсалысуға шақырамын.
Ғ.СҮНДЕТБАЕВ,
Торғай ауылының әкімі.
Жанкелдин ауданы.