Тілсіз жауға қарсы шара
Қостанай қаласы төтенше жағдайлар басқармасы мамандары тұрғындарға өрт қауіпсіздігі жөнінде рейд өткізді.
Ұйымдастырушылар Қостанай-2 шағын ауданындағы үйлерді аралап, есік ашқан тұрғындарға қауіпсіздік жаднамасын таратты. Балалармен тілдесіп, оларға өртті алдын алу шараларын түсіндірді. Құтқарушылар ашық отты, пешті, газ құралдарын және электр жабдықтарын ұқыпты пайдалануды үйретті.
Қалада күн сайын өрт оқиғасы болады. Көпшілігінің шығу себебі – тоқ өткізгіш сымдардың ақауы. Сондай жағдайларды болдырмау мақсатында біз ай сайын профилактикалық рейд өткізіп, түсіндіру жұмыстарын жүргіземіз. Ересек адамдардың көбі өз өміріне немқұрайлы қарап қана қоймай, балаларын да тілсіз жаудан сақтандыруды ұмыт қалдырып жатады. Үйде жалғыз қалған балалармен әңгімелесу барысында олардың қауіпсіздік ережелерін біле бермейтіндігіне көз жеткіздік.Үлкендер жоқта олар үтікті де, газды да өз бетінше қосады екен. Бүлдіршіндерге өрт қаупін тудыратын заттарға жоламауды ескерттік.
Асхат БАДЕНОВ,
Қостанай қаласы төтенше жағдайлар басқармасының инженері.