Еңбек етпесең, елге өкпелеме…

Рудный қаласында жұмыспен қамту ойдағыдай жүзеге асуда
СамалӘлемдік тұрақсыздықтың басты қатері – жұмыссыздықтың өсуі. Елімізде жүзеге асырылып жатқан мемлекеттік және салалық бағдарламалардың барлығы нақты жұмысқа орналастыруды қамтамасыз етіп отыр. Оған дәлел Рудный қаласындағы атқарылып жатқан игілікті істер.
Жыл басынан бері кеншілер шаһарындағы "Жұмыспен қамту" орталығының көмегіне мыңдаған адам жүгініп, олардың 750-імен "Жұмыспен қамтудың жол картасы–2020" бағдарламасы аясында әлеу-меттік келісім шарт жасалынған. Мәселен үшінші бағыт бойынша әлеуметтік жұмыс орындарына 217 адам жіберілді. Олардың бір бөлігі бүгінде ағаш ұстасы, электрик, электр-газ дәнекерлеуші, сатушы, бармен, автожөндеуші, аспаз, сылақшы, жүргізуші, күзетші болып жұмыс істеп жатса, кейбіреулері өндірістік учаске шебері, әкімші, менеджер, есепші сияқты мамандықтар бойынша "екі қолға бір күрек" тапты. 
Жастар практикасы – арнаулы және жоғары оқу орындары түлектерінің жұмыспен қамту мәселесін шешуге көп септігін тигізіп отыр. Биыл білім мекемелерін тәмамдаған 65 түлек жастар практикасы арқылы ішкі істер басқармасы, прокуратура, әділет басқармасы мен білім бөліміне, сондай-ақ "Для тех, кто шьет", "Злак+М", "ҚР Энергия Рудный" ЖШС сияқты кәсіпорындарға жұмысқа орна-ластырылды.
Жуырда 104 адам 3 айлық кәсіптік қайта даярлық курстарын бақылаушы-кассир, электр-газ дәнекерлеуші, сылақшы, слесарь-жөндеуші, кондитер, аспаз мамандықтары бойынша ойдағыдай тәмамдап шықса, тағы да 7 адам Рудный тау-кен технологиялық колледжінде "Электр жабдықтарын жөндеу және қызмет көрсету бойынша электр монтаждаушы" мамандығына 10 айлық оқуға жіберілді.
Жұмыссыздық мәселесін оңтайлы шешу мақсатында орталықта бос жұмыс орындарының тізімі апта сайын жаңартылып тұрады. Бүгінде 100-ден астам тұрғын тізімде көрсетілген бос орындар бойынша жұмысқа орналасты.
Экономикадағы іргелі салалардың бірі саналатын кәсіпкерліктің көкжиегі көпшіліктің негізгі кәсібі іспеттес екенін мемлекет әу бастан-ақ түсінді. Сондықтан "Жұмыспен қамтудың жол картасы–2020" бағдарламасының екінші бағыты ауылдық кәсіпкерлікті және тірек ауылдарын кешенді дамыту арқылы жұмыспен қамтуға арналған. Биыл алғаш рет осы бағыт негізінде Қашар және Перцевка ауылының 4 тұрғыны 6 млн.теңгенің шағын несиесіне қол жеткізді. Бағдарламаға қатысушылар бұл қаражатқа мал шаруашылығын дамытып, автокөліктерді жөндеу және  диагностикалау бойынша қызмет көрсететін орталық ашуды көздеп отыр. Айта кетерлігі, жұмыспен қамту орталығы "Моноқалаларды дамыту" бағдарламасының табысты орындалуына да мұрындық болды. Бүгінде 12 рудныйлық өз бизнесін дамытуға шағын несие алса, жыл соңына дейін тағы 2 үміткердің құжаттары қаралуда.
Жалпы алғанда қаладағы жұмыссыздық деңгейі республика бойынша ең төмен саналады. Қазір бұл көрсеткіш 0,02 пайыздан аспай тұр. Енді мәтініміз мәнді болуы үшін нақты мысалдарға кезек берелік.
 
Қайта даярлық курсы
Бағдарламаға қатысып, қайта даярлық курстарынан өткен азаматтардың бірі –Ғалымжан Қуанышев. Жасы 22-де. Туып-өскен жері Өзбекстанның Науаи облысына қарасты алтынымен атышулы Мұрынтау елдімекені. Ғалымжан өткен жылы ғана Зарафшандық колледжді "Заңгер" мамандығы бойынша тәмамдап, Рудный қаласына көшіп келген.
Бүгінде заңгерлік біліммен жақсы жұмыс табу қиынның-қиыны. Себебі кез келген жұмыс беруші, ең алдымен, үміткердің жұмыс өтіліне, қос тілді жетік меңгеруі мен алдағы жұмыстарда жеткен жетістіктерін саралайды. Ал колледжді жаңа бітірген жас маманда жетістік түгіл жұмыс өтілі қайдан болсын? Осыған көзі жеткен Ғалымжан ойланбастан еңбек нарығында сұранысқа ие мамандық бойынша қайта оқып алуға бел буады.
– Жергілікті "ТВС" телеарнасының жүгіртпе жолынан "Электр монтаждаушы" мамандығы бойынша тегін оқуға болатынын көріп қалдым. Ертеңінен Пионерская көшесінде орналасқан Жұмыспен қамту орталығына бардым. Онда менің құжаттарымды ретке келтіріп, 3 айлық қайта  даярлық курсына жіберді. Осы уақыт аралығында тегін оқып қана қоймай, мемлекет маған шәкіртақы төлеп тұрды. Мұндай қамқорлықты жасайтын ел кемде-кем шығар, – дейді Ғалымжан.
Жумыспен камту орталыгынын маманы Диплом табыстаудаОқуды 3 апта бұрын тәмамдаған жас талапкер еш қиналмай "Су арнасы" мекемесіне жұмысқа тұрған. Бұған қоса музыка мектебінде де дәл осы мамандық бойынша қосымша жұмыс та істейтін көрінеді. Бұл қадамы нық, мақсаты ай-қын, болашағы бар нағыз жігіттің ісі. Бұлай дейтініміз, еліміз бойынша экономика, заңгер дипломын алған мыңдаған жас жұмыс таба алмай, базар жағалап, таксилік етіп жүр. Себебі, зор сұранысы бар жұмысшы мамандығын игеруді көбі өзіне лайық санамайды, менсінбейді. Ғалымжан:   
– Жоспарларым ойдағыдай жүзеге асып жатса, отбасым да көшіп келуге әзір. Үйдің үлкені болғандықтан маған артылар жауапкершілік пен сенім мол, – дейді.
Ендеше талапты жастың мақсаты орындалатына біз де сенім артып, оның әрбір қадамына сәттілік тілейік.
 
Жастар практикасы
Мақаламыздың келесі кейіпкері – Самал Жақанова. Самал Қостанай политехникалық колледжінің түлегі. Игеріп шыққан мамандығы – "Астық лаборанты". Оқу бітірісімен Рудныйлық "Арасан" фирмасында екі айдай жұмыс істеген. Алайда өз мамандығы бойынша тәжірибесін арттыру жас маманның о бастағы арманы болатын.
– Әлеуметтің әлеуетін арттыруға бағытталған "Жұмыспен қамтудың жол картасы 2020" бағдарламасынан хабардармын. Сондықтан орталыққа келіп түскен барлық өтініштерді мұқият қарастырып жүрдім. Жастар практикасы бойынша "Злак + М" ЖШС жұмысқа тұруға болатынын естігенімде қуанышымда шек болмады, – дейді ол.
Қазіргі таңда Самал макарон өнімдерінің 20-дан астам түрін шығаратын "Злак + М" кәсіпорнында технолог боп жұмыс істейді. Яғни тапсырысқа сәйкес ұн мен қосымша қоспалардың арақатынасын есептеп, макаронның сапалы сұрыпталуын бақылайды. Жауапкершілігі мол қауырт жұмысты жас маман қалай атқарып жатқандығын оның басшысынан сұрап көрдік.
Александра Деменева,
"Злак + М" ЖШС директоры:
– Самалмен және Жұмыспен қамту орталығымен жастар практикасынан өту туралы келісім шарт тамыз-қараша айларына жасалған болатын. Қысқа уақыт аралығында ол өзіне артылған міндеттерді жақсы орындап, көзге түсті. Ал біз мұндай мамандарды далада қалдырмаймыз. Сондықтан 1 желтоқсаннан бастап оны тұрақты жұмысқа алуды жоспарлап отырмыз.
  Міне, жастар практикасының діттегені осы – жас мамандарды тұрақты жұмыспен қамтуға септесу. Әрине, кез келген істің кәнігі маманы болу әркімнің өз қолында. Бастысы мемлекет мүмкіндік беріп, жағдай жасап отыр. Осыны дұрыс пайдалана білген Самал бүгінде А.Байтұрсынов атындағы ҚМУ-да да сырттай оқып жат-қандығын айта кеткен жөн.
 
Кәсіпкерлікті қолдау
"Жұмыспен қамтудың жол картасы 2020" бағдарламасы жұртты жұмысқа орналастырып қана қоймай, олардың кәсіпкерлікпен айналысуларына жайлы жағдай жасап отыр. Перцев ауылының тұрғыны Нұржамал Ақманбетова бағдарлама арқылы мал ұстауға несие алған 3 адамның бірі.
Еңбекке ерте араласқан Нұржамал Наутайқызы 30 жылдай тігінші боп жұмыс істеген. Бертін келе Перцев ауылындағы балабақша жабылғанда, оны Рудный қаласына жұмысқа шақырады. Алайда балалары кішкентай болғандықтан бұл жұмыстан бас тартуға тура келеді. Он бес жылдай үй шаруасымен отырып қалған Нұржамал апай мал санын көбейтіп, ет пен сүттен түсетін табысты арттыру мақсатында мемлекеттік несие алуға құжаттар жинай бастайды.
– Алдымен несие алудың шарты бойынша үйімізді бағалатып, оны кепілдемеге қойдық. Кейін Қостанайда тегін "Кәсіпкерлік негіздері" курстарын тәмамдап, бизнес-жоспарды жасадым. Бізге осы тұрғыда Жұмыспен қамту орталығының мамандары көп көмек көрсетті, – дейді.
Көп ұзамай Нұржамал апай мемлекеттің 1,5 млн.теңге несиесіне қол жеткізіп, оған 8 ірі қара мал сатып алады. Жақында ғана 4,5 жылға алынған несиенің ең алғашқы 38 мың теңгелік төлемін жасады. Енді жарты жылдан кейін 45 мың теңге, ал бір жылдан соң 450 мың теңгесін өтемек. Бүгінде жұбайы Есенбек  жеңіл, әрі мал жайлауға қолайлы болатындай басқа жұмысқа ауысқан. Екеуі мал жайлап, сауылған сүтті балаларына жібереді. Ал олардан ауысып жатса Рудныйдағы тұрақты клиенттері сатып алуға әзір.
"Еңбек етпесең елге өкпелеме, егін екпесең жерге өкпелеме" деген ұлағатты сөзде қаперде ұстаған Нұржамал Наутайқызы мемлекеттің жасап жатқан қамқорлығына дән риза. Осылайша, "Жұмыспен қамтудың жол картасы 2020" мемлекеттік бағдарламасы рудныйлықтардың басты құжатына айналғандай. Себебі, жұмыссыздық деңгейін төмендетіп, кәсіпкерлікке кең өріс ашқан бағдарлама жұрттың сенімін ақтап отыр.
Қуаныш
    ЕСҚАБЫЛ
 

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓