Тұғырға лайық тума талант
Қазақ халқының өткен тарихында заманының заңғар азаматтары аз болмаған. Солардың бірі халқымыздың біртуар перзенті Хакімжан Наурызбаев. Мен Қазақстанның бірінші кәсіби мүсіншісі, ұлттық мүсін өнерінің негізін қалаушы, Т.Жүргенов атындағы қазақ ұлттық академиясының профессоры, Қазақстанның халық суретшісі, Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері – Хакімжан Есімханұлы Нау-рызбаевтың маған деген еңбегін көзім жұмылғанша ұмытпаймын және айта жүремін. Ол кісіні ауданымыздың еңбек ерлерінің мүсіндерін жасатуға, аупарткомның бірінші хатшысы Оразалы Қозыбаев ағамыз шақырыпты. Оразалы ағамыз мені кабинетіне шақырып алып, таныстырды да, қазірден бастап осы кісінің қарауында боласың, көмек керек болса көмектесесің – деді. Онда мен Оразалы ағаның шофері болатынмын. Сонымен Кәкең ағамен еңбек ерлерінің бейнесін жасауға А. Иманов совхозына жүріп кеттік. Совхозға барғасын Байділдә Омаров деген Социалистік Еңбек Ерінің үйіне түстік.
Көп күттірмей біз орналасқан үйге Социалистік Еңбек Ері Мырзағали Алтынбаев деген шопан да келіп қалды. Амандық-саулық сұрағаннан кейін, Кәкең өзін таныстырып, Мырзағалиға мүсінін жасайтынын айтты. Мырзекең қуана қарсы алды. Ол кісіні киіп келген қаракөл жағалы пальтосымен, басындағы қаракөлге ұқсас құлақшынның екі құлақ бауын артына қайырып байлатып қойды да, енді болды – деп орындыққа отырғызды. Қалай бастайды екен деп жұрт аң-таң. Мен де шыдамсыздана күтіп отырмын. Бір биіктеу заттың үстіне айналмалы дөңгелек, жалпақтау шамамен 40 см-дей затты қойып, оның үстіне мүсін тұратын қаңқаны (каркас) әкеп қойды. Асты төрт бұрышты, ортасынан төртбұрышты рейка, шеге қағы-лып, шегеге бірнеше крестик тағылған. Жіңішке жұмсақ сымдар тартылған. "Бұлардың барлығы қазір саз жапсырғанда төмен сырғып кетпес үшін қажет" – дейді Кәкең. Сонымен Кәкең жұмысын бастап кетті. Кәкең отырған кісіге бір қарап, жапсырып жатқан жапсырмасына бір қарап, сазды бейнені біртіндеп өсіріп, жасай берді. Көп ұзамай кісінің басы, аузы, мұрыны, көзі ақырындап айқындалып, шыға бастады. Бірте-бірте бәрі де анықталып, айнымай кәдімгі Мырзакең шығып келеді. Мен аң-таңмын. Мұндай да шеберлік болады екен-ау. Өнердің құдіретіне таң қалғаным соншалық:
– Аға, маған да жасауға бола ма? – деппін. Менен отбасым туралы, сурет салатынымды, саздан ойыншықтар жасайтынынымды бәрін біліп алып, оқу керектігін әңгімелеп, айтып түсін-дірді. Әке-шешеме жолығып, келісіп кетті де, келесі жылы оқуға шақырып, үйіне жатқызып оқытты. Менің бұл ағамен ешқандай туыстық, не нағашы, не жиендік жағынан жақындығым жоқ. Әйтеуір, қаны бір қазақпыз. Осындай қамқорлық жасаған ағаларды қалай ұмытуға болады? Үйінде бес жыл жатып, тәрбие-тәлім алдым. Жұбайы Арсан апайымыз да өте тәуір адам еді. Биазы мінезді, адамға жылы қарап өзіне тарта сөйлейтін кішіпейіл, қарапайым жан болатын.
1960-1965 жылдары Алматының Гоголь атындағы көркем-сурет училищесін бітіріп, туып- өскен жерім Аманкелді ауданына келіп жұмысқа тұрып, өнерімді әрі қарай жалғастырдым.
Орайы келгенде ұстазым Хакімжан Есімханұлының өзім білетін еңбектерінен бірнешеуін атап өткенді жөн көрдім. Кәкең өткен замандағы біздің тәуелсіз еліміз үшін еңбек еткен, ұлт болашағы үшін жанын қиған ел қайраткерлерінің бейнесін жасап, кейінгі ұрпаққа ескерткіш қалдырды. Қола граниттен жасалын-ған "Абай"ескерткіші Алматы қаласында, Шойын граниттен "Жамбыл" ескерткіші Тараз қаласында, қола граниттен "Шоқан Уәлиханов" ескерткіші Алматы қаласында, қола граниттен "Мәншүк Мәметова" ескерткіші Орал қаласында қойылып, орталық көшелерінде тұр.
Кәкең ағамыз Н.Алдабергенов, С.Сейфуллин, М.Хакімжанова, Құрманғазы, С.Қожамқұлов, Ы.Жақаев, Қ.Сәтбаев, А.Жұбанов, М.Әуезов, С.Мұқанов, т.б. қазақтың көрнекті қайраткерлерінің тұлға-мүсіндерін жасады. Біздің Аманкелді ауданынан Социалистік Еңбек Ерлері Мырзағали Алтынбаевтың, Еркін Шайкеновтың, Шаяндин Бисапақтың, ағайынды Қошан, Досан Есполовтардың, Намазбай Әмзиннің, Омаров Бәйділдәнің, т.б. еңбек адамдарының мүсінін жасады. Мұның ішінде "Шопан портреті" (Мырзағали Алтынбаев) жақсы жасалуына байланысты Мәскеудегі "Третьяков" галереясына қойылды.
Аманкелді ауданының орталығына қола граниттен Аманкелдінің, Жанкелдин ауданы орталығына қола граниттен Ахмет Байтұрсынов пен Міржақып Дулатов ескерткіштерін орнатты. Ал "Жеңімпаз Қаhарман" мүсіні үшін Мемлекеттік сыйлық алды.
Кәкең ағамыз 1952-1954 жылдары Қазақстан Суретшілер одағын басқарды. 1961-1965 жылдары КСРО Лениндік сыйлықтар жөніндегі комитеттің мүшесі болды. "Еңбек Қызыл Ту", "Парасат", "Құрмет" ордендерімен марапатталған. 2007 жылы Қазақстан Жомарттар клубының "Тарлан"сыйлығын алды. Ал, медальдары, мақтау грамоталары, алғыс хаттары, т.б. бір төбе. Абзал ағамыздың еңбекқорлығы, адамдарға әсіресе өнер жастарына қамқорлығы, сыйластығы ерекше еді.
Мен өзімді бақытты санаймын. Кәкеңдей өнерлі ұлы тұлғаға елік-теп, үйреніп, өмірінен көптеген тағылым алдым. Жанына, айналасына еңбексүйгіш, ерінбейтін өнерлі жастарды жинады, қамқорлық көрсетті. Қадірлі қарттар-ға жадырай амандасып, жастарға қамқоршы аға бола білді. Ол өз бойындағы теңдесіз дарынымен адамның асыл қасиеттерін, жалын-жігерін, күш-қайратын, денсаулығын, еліміздің алға басуы үшін жанын, қуатын, күш-жі-герін аямай жұмсаған қоғам қайраткерлерін, ғалымдарын, Мәдениет қайраткерлерін, ақын-жазушыларын, қойшы-малшы еңбеккерлерінің бейнесін, мүсіндерін жасаумен болды. Отанның нағыз патриоты, үлкен қайырымды жүректі, қазақ халқының тамаша сүйікті ұлдарының бірі, мүсінші Хакімжан Наурызбаевтай ерен тұлғаның есімін біздер ұмытуға тиісті емеспіз.
Әрине, мұндай еңселі мәселелерге ел ағаларының көмегі керек. Сол себепті де билік басындағы азаматтарға өтініш жасамақпын.
Құрметті облыс басшысы Нұралы Мұстафаұлы, халық қа-лаулылары – депутат жолдастар!
Сіздерден өтініп сұрайтыным, Қостанай қаласының көрнекті көшелерінің бірін, өзі туған ауылының атын немесе өнер мектебіне Кәкеңнің есімін беріп және ескерткішін орнатып, салдырып қойса, бүкіл қазақ халқымыз қуанар еді. Оған тиісті шешім шығарып, қабылдауларыңызды өтінемін.
Осы мақаланы оқып, танысқан адамдар болса менің тіле-гімді қолдап, Хакімжан ағамыздың істеген жұмыстары туралы жазып, тілектерін білдірсе, нұр үстіне нұр әрі. Кәкеңнің аруағы разы болар еді.
Әбілбек Ұзақұлы,
мүсінші,
"Құрмет" орденінің иегері.
Арқалық қаласы.