Жетекші партия жылды қорытындылады
Өткен жұма күні облыстық филармонияның күмбезді залында "Нұр Отан" партиясы Қостанай облыстық филиалының ХVIII есеп беру-сайлау конференциясы өтті. Жиынға "Нұр Отан" партиясы Қостанай облыстық филиалының төрағасы, облыс әкімі Нұралы Садуақасов, барлық деңгейдегі мәслихаттар депутаттары және партиялық бақылау комиссияларының төрағалары, аудан әкімдері, "Жас Отан" жастар қанатының активі, бастауыш партиялық ұйымдарының төрағалары, мемлекеттік органдар, қоғамдық бірлестіктерінің басшылары қатысты.
Жалпы, қараша айынан бері партияның барлық аумақтық бөлімшелерінде есеп беру-сайлау жиындары болды, онда партия ұйымдарының жұмысы туралы есептер тыңдалып, партияның аумақтық бөлімшелері саяси кеңесінің жаңа құрамы сайланды. Яғни, өткен есеп беру-сайлау конференциясынан бергі аралықта атқарылған жұмыстар қорытындыланып, алдағы күннің жоспарлары бекітілді. Жиында сөз алған Н.Садуақасов өңірдегі ат-қарылған жұмыстар туралы баяндады:
– Өңіріміздің әлеуметтік-экономикалық дамуы айтарлықтай қалыпты. Соңғы жылдардағы әлемдік дағдарыс біздің еліміздің экономикасына да әсерін тигізбей қоймады. Осы орайда тау-кен өнеркәсібі саласында өндіру біршама төмендеп кетті. Бірақ бұған қарамастан, басқа да салалардың жетістігін айтып отырғанымыз жөн. Солардың қатарында машина жасау, құрылыс индустриясы қарқынмен дамуда. Жыл басынан бері аймағымызда 13 млрд. теңгенің 5 жобасы іске қосылып, 250 жұмыс орны ашылды. Ал Индустрияландыру картасы іске асырылғалы бері 74 жоба қатарға қосылып, 4,5 мың адам жұмыспен қамтылды. Бұдан бөлек, білім, денсаулық салалары бойынша ілгерілеушілік бар. Ал ауыл шаруашылық саласы жағынан да атқарылып жатқан жұмыстар айтарлықтай нәтиже беруде. Тек үстіміздегі жылғы ауа-райының қолайсыз болғаны шаруалардың еңсесін түсірмейді деп сенемін. Себебі, Үкіметіміз осы жағын ерекше назарда ұстап отыр. Елбасымыздың өзі атқарып жатқан жұмыстарымызға қолдау көрсетіп отырғанын айта кеткен дұрыс. Мұның барлығы Мемлекет басшысының Жолдауындағы тапсырмалар. Енді тек сіз бен біз соны әрі қарай орындауымыз керек, – деді облыс әкімі.
Өңіріміздің көршілес Ресей облыстарымен әлеуметтік-экономикалық, ауыл шаруашылығы, мәдени байланысымыздың нығайғаны да айтылмай қалған жоқ. Нұралы Садуақасов сонымен қатар, аймағымыздың оңтүстік аудандарының жай-күйін де оң бағалады. Әсіресе, биыл іске қосылған Арқалық-Шұбаркөл темір жолының аталған аудандарға үлкен серпін әкелетінін жеткізді.
Айтпақшы, өңіріміздегі темір жол саласындағы жетістік бұл ғана емес. Қазір Құсмұрын бекетіне де ерекше көңіл бөлінуде. "Қазақстан Темір жолы" ҰҚ" АҚ Қостанай теміржол бөлімшесінің бастығы Е.Темірбаев бұны "Құсмұрынның қайта түлеуі" деп атады. Жуырда аталған елдімекенде салауаттылықты сақтау мақсатында спорттық кешен пайдалануға берілген еді. Енді міне, республикада теңдесі жоқ жылу қазандығы салынып жатыр. Оның құрылысы 1,5 млрд. теңгеге бағаланып отыр.
Облыс әкімі жиын үстінде "жас келсе – іске" қағидасына дәлел ретінде аудан басшылары арасынан іскерлері туралы аз мысалдар келтірген жоқ. Солардың қатарында Сарыкөл ауданының әкімі бар. Бұған дейін Сарыкөл елінде тұралап қалған мемлекеттік "Сыбаға" бағдарламасы соңғы бір жылда 115% артығымен орындалған. Нұралы Садуақасов жиналған атқамінерлерге осындай қарқында жұмыс істеуге шақырды.
Еліміздің барлық облыстарының жетекшілері жыл сайын Елордаға барып, Орталық коммуникациялар қызметінде есеп береді. Ол тікелей эфирден көрсетіліп, халық әкімдердің жұмысына баға беріп жатады. Енді дәл осылай аудан әкімдері де облыс орталығына келіп, тілшілер алдында есеп беріп, олардың сауалдарына жауап берсе деген сауал аймақ әкіміне жолданды.
Жиын соңында өңір басшысы бірқатар партия қатарындағыларға "Нұр Отанның" жаңа үлгідегі куәліктерін табыстады.
"Нұр Отан" партиясы Қостанай облыстық филиалының бақылау-тексеру комиссияның өткен екі жыл бойы атқарған жұмысы туралы оның төрайымы Қарлығаш Балапанова есеп берді.
Конференция барысында аймақтық партиялық ұйымының Саяси кеңесі, бақылау-тексеру комиссиясының жаңа құрамы сайланды.
Шұға
ҚОҢҚАБАЙ