Өңір ажарланып келеді

Облыс әкімінің Торғай өңіріне сапары
Сағаға су беріледі
 
_MG_6455Таяуда облыс әкімі Нұралы Садуақасов жұмыс сапарымен Торғай өңіріне барып, Жанкелдин, Аманкелді ауданы мен Арқалық қаласы әкімдерінің жылдық есебін тыңдап, жергілікті тұрғындармен жүздесіп қайтты. Бұл сапарда әкіммен бірге облыс әкімдігінің аппарат және  басқарма басшылары да болды. Алдымен атбасын Жанкелдин ауданының Қызбел ауылына бұрып, мұндағы мемлекеттік "Ақбұлақ" бағдарламасының негізінде салынып жатқан Саға ауылдық сумен қамту жүйесінің жұмысымен танысып, мердігер компанияның басшылығымен, жұмыскерлермен кездесті. Аталмыш сумен қамту станциясының құрылысы осы жылдың маусым айында бас- талған-ды. Бұған 279 млн. 469 мың қаржы жоспарланған екен. Жобалаушы "SANСтройСервис" ЖШС болса, бас мерді-гері "Строитель 2003" ЖШС.
–  Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың "Ақ-бұлақ" бағдарламасы жер-жерде осындай қарқынмен жүзеге асып жатыр.
Енді сәтін салса, желтоқсан айының ортасына қарай Саға ауылы да сумен қамтылып, халықтың ықыласына бөленбексіздер,- деп Нұралы Садуақасов су сору насосының қызметімен таныстырып жүрген бас мердігерге қарады. – Бұл жер облыс орталығынан шалғайда орналасқанын жақсы білесіз. Сондықтан да жұмыстың сапалы болғаны жақсы. Міне, қыс та кеп қалды. Осы нысанның алдын тегістеп, қиыршық тастарын дұрыстап төсеңіздер, – деді.
Бұдан кейін осы ауылдағы М.Дулатов атындағы білім ошағына барып, мектеп оқушылары мен мұғалімдермен әңгімелесті.
– Мектептің қазіргі жағдайын көрдік. Жарты ғасырға жуық тарихы бар екен. Сіздердің өтініштеріңізді де түсінемін. Келер жылы емес, алдағы 2016 жылы бұл білім ошағына күрделі жөндеу өткізетін шығармыз,– деді Нұралы Садуақасов облыстық білім басқармасының басшысы Әлия Төртқараеваға тапсырма жүктеп.
Содан соң өңір басшысы мінген кортеж Торғай селосында жақында ғана ашылған "Нұр-Ая" азық-түлік дүкеніне тізгін бұрды. Дүкен қожайыны Зәмзәгүл Әуелбектің айтуынша, бұл нысанның құрылысы былтырғы жылы салынып, осы қараша айында пайдаға беріліпті. Құрамында 3 сатушысы бар дүкен жергілікті халықты азықпен қамтамасыз етіп, бағасын да тиімді қойып отырған көрінеді.
– Барлығын өз қаражатыңызға салып, үлгірткен екенсіз. Оған қуанамыз. Бірақ сізге мемлекеттік бағдарламалардың да тиімділігін көру керек.
Бұл кәсібіңізді одан әрі түлету үшін аудан әкімдігінен ақыл-кеңестер алыңыз, – деп өңір басшысы Зәмзәгүл Әуелбекке бірнеше мемлекеттік бағдарламалардың тиімділігін айтты.
Мұнан соң жақында ғана күрделі жөндеуден өткен Н.Ахметбеков атындағы мәдениет үйінде актив мәжілісін өткізді. Аудан әкімі Асқарбек Кенжеғарин ауданның бір жылдық дамуы көрсеткіштерінен есеп берді.
Аудан әкімінің баяндауына қарасақ, өткен жылмен салыстырғанда Жанкелдин ауданының әлеуметтік-экономикалық дамуы өскен тәрізді. Өнеркәсіп өнімнің физикалық көлемі 83,5% болса, ағымдағы жылдың 1 қарашасындағы дерекпен салыстырғанда өндірістік өнеркәсіп өнімдерінің көлемі 74 млн. теңгені құрап отыр екен. Яғни, өткен жылғымен есептесек, 13,1% артыпты.
– Ауданда 319 шағын кәсіпкерлік субъектілері жұмыс жасап келеді, олардың ішінде 20 – заңды тұлға мәртебесі бар кәсіпорындар, 299 – жеке кәсіпкерлер және шаруа қожалықтары. Шағын бизнес саласында 532 адам жұмыспен қамтылған.
_c2ASy0TExYШағын кәсіпкерлік саласында өндірілген өнімдер  –  455 млн. 160 мың теңгеге жетті.  Жыл ішінде шағын кәсіпкерлік субъектілері бюджетке 22 млн. 707 мың теңге салық пен төлемдер түсірді, өткен кезеңмен салыстырғанда  өсім 121,2% құрап отыр, – деп Асқарбек Кенжеғарин "Жұмыспен қамту–2020 жол картасы" бағдарламасының 2 бағыты  кәсіпкерлікті дамыту мақсатында жұмыс орындарын құру және тірек ауылдарды дамыту бойынша аудан кәсіпкерлеріне 45 млн. теңге несие беріліп, игерілгенін де тілге тиек етті.
Осы тұста өңір басшысы атқарылған жұмыстарға көңілі толатынын айта келіп, мал ауруларының алдын алу керектігін баяндап, аудан әкіміне тапсырмалар жүктеді.
Алқалы мәжілістің соңы облыс өнерпаздарынан құралған "Тыңның 60 жылдығына" орай өткізілген шығармашылық кешке ұласты.
 
Төрт түлігін түлеткен өңір
 
Өңір басшысының екінші сапары Аманкелді ауданына жалғасты. Мұнда ол жол бойындағы Байғабыл селолық округіне табан тіреп, мұндағы жақында ғана халықтың игілігіне берілген сумен қамтамасыз етілген станцияға бас сұқты. Бұл жоба да мемлекеттік "Ақбұлақ" бағдарламасының негізінде қолға алынған екен. Бас мердігер "GMS Capital Gpoup" ЖШС-нің директоры Ербол Сыздықов ағымдағы жылдың мамыр айында басталған жұмыстың дер кезінде бітіп, қазан айында пайдалануға берілгенін әңгімелеп берді. Қазір байғабылдықтардың қуанышы қойнына сыймай қуануда. Біз мұны Ақан Нұрманов атындағы мектепте жиналған ақсақалдардың әңгіме ауанынан аңғардық.
– Әбден ескірген су жүйесінің жаңартылып, үйді-үйімізге таратып берген Елбасының "Ақбұлақ" бағдарламасына ауыл халқы дән риза. Бұл бағдарламаны тез арада іске асыруына бірден-бір себепкер болған өзіңіз екені айдан анық, – деп ауыл ақсақалы Нұралы Садуақасовқа алғысын айтты. – Кешегі жолдауды да тайлы-тұяғымыз қалмай тамашаладық. Көңіліміз өсті. Ауылдағы қарттардың біразы үйді-үйге таратылған ауыз судың қызығын көруде, – деді.
– Рас. Сол қуаныштарыңызды бірге бөліскелі әдейі атбасын бұрдық. Сіздердей ауыл ақсақалдарының көңілі толып жатса, еңбегіміздің жанғаны. Құрылыстың басы-қасында жүрген мына жігіттер ғой,– деп Нұралы Садуақасов мердігер компанияның жігіттерін нұсқап қойды.
Ауыл мектебінің қазіргі жағдайымен таныса отырып өңір басшысы мұғалімдермен кездесу өткізді. Қандай тілек мақсаттары барын біліп, мектептің жөндеу жұмыстарын алдағы уақытта жоспарға кіргізетінін де әңгімелеп берді.
Ертесіне таң алакеуімде Аманкелді ауылынан сүт пісірім уақыттай жерде орналасқан "Ұлы дала" шаруа қожалығына табан бастық. Бұл шаруа қожалығы төрт түлік мал өсірумен айналысып отырған аудандағы бірден-бір іргелі қожалық көрінеді. Қазір сиыр, қой санын 600-ге,  жылқыны 250-ге жеткізіпті.
– Барлығын өз қаражатымызбен үлгіртіп отырмыз. Мемлекеттік бағдарламаларды әзірге пысықтап көрудеміз. Сәтін салса, алдағы уақытта игере жатармыз. Әзірге еш қиындық жоқ. Тек бір мәселе бар. Біздің осы жерге дейін электр жүйесі тартылмаған. Соны ескерерсіз деп үміттеніміз, – деді қожалық басшысы.
Облыс әкімі мұны қаперіне алатынын әңгімелеп, күн тәртібіне қоятынын айтты.
– Малдарыңызға қасқыр шауып, берекені алмай ма? – деді.
– Бұл жайттың алдын алдық. Жақын маңда аңшыларымыз бар. Олар әлсін-әлсін бұл маңға келіп-кетіп тұрады. Әзірге алаңдататындай ештеңе жоқ,– деді шаруашылық басшысы Руслан Сәрсенов.
Фермердің айтуына қарағанда, қыс айларында аудан әкімдігі боранды кездерде көмектесіп, қардан жолдарын аршып тұрады екен. Жұмыскерлеріне де жылы баспана да тұрғызып үлгеріпті. Олардың жағдайын да жақсартып жатқан жайлары бар. Отын-суы тегіс шаруашылықтың мойнында екен.
Бұдан соң облыс басшысы аудан активімен мәжіліс өткізіп, Жансұлтан Тәукеновтің есебін тыңдады. Халық та әлсін әлі сұрақтар қойып, көкейде жүрген мәселелеріне жауап алды.
xEaDZjjViao– Сіздер әлі де жерді тиімді пайдаланып отырған жоқсыздар. Бұл туралы жаз айындағы сапарымда да айтқан едім. Мұндай жағдайды көршілес Жанкелдин ауданы да бастан кешіп отыр. Кезінде кең алқапты жалға алып, соны игермей жатқандардың саны көп. Бұл жерлер мемлекеттікі. Сондықтан да оны жалға алып, әлі бір пайдасын көрмегендерді заң бойынша қарастырып, игеремін деген құлшынысы барларға беру ләзім! Мал шаруашылығын мықтап қолға алыңыздар. Бұл төңірек осы шаруашылықпен айналысуға өте-мөте қолайлы. Әлгінде ғана "Ұлы дала" қожалығында болдым. Істеріне көңілім толды. Дәл осындай шаруашылықтарды әртараптандырып аша түсу керек. Сондықтан да тезірек қимылдап, үкіметтен берілген көмекті уақытында игеріңіздер. Төрт түлігімізді өсіруге Торғай өңірі әдемі жер,– деді өңір басшысы мәжіліске жиналған жұртқа.
Содан соң бұл аудан да облыс көркемөнерпаздарының шығармашылық өнеріне тәнті болды.
 
"Арқалық бар және бола да береді…"
 
Арқалыққа ат басын бұрған Нұралы Садуақасов алдымен қаламен іргелес Родина ауылында жаңадан салынған дәрігерлік амбулаторияда болып, ішін аралап көріп, қызметкерлерге теледидар тарту етті. Мұнан кейін мемлекеттік тұрғын үй кешенін жаңғырту бағдарламасы аясында Абай даңғылындағы №92 үйдің жаңғырту жұмыстарымен танысып, тұрғындарымен әңгімелесіп, бірнеше мөлтек аудандағы иесіз қалған ақаулы үйлердің сыру жұмыстарын байқады. Бұларға бөлінген қаржының қаншалықты игеріліп жатқандығын сұрады. Келесі кезекте қаладағы жылу электр стансасында болып, мұндағы жағдайдың тұрақтылығын көріп, жылу қазандығының күрделі жөнделіп  жатқандығына қанықты. Одан әрі  "Арқалық–Шұбаркөл" жаңа темір жол желісінің тартылуымен бірге күрделі жөндеуден өткен теміржол вокзалының тынысымен танысып, қала активімен мәжіліс өткізіп, қала әкімі Ғазиз Бекмұхамедовтің есебін тыңдады.
– Қазіргі сіздердің көңіл-күйлеріңізді сезіп отырмын. Арқалық қаласына қатысты айтылған дақпыртқа не айтар екен деген әрі-сәрі күй кешкендеріңізді де білемін. Әлгінде қала әкіміне айтылған бірнеше сын ескертпелерді біз жоққа шығармаймыз. Сын айтылу керек. Ол жұмыс барысының ақсап жатқан тұстарын көрген-білгендіктен, соны дер кезінде болдырмау керектігінен туындайды. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың салиқалы саясатының арқасында еліміз қазір өсіп өркендеуде. Сол сияқты Арқалық қаласы да әрі кіріп, өңі ажарланып келеді. Кешегі "Арқалық-Шұбаркөл" теміржолының салынуы да бұл қаланың болашағы барын білдіреді. Сондықтан ешбір алаңдаудың қажеті жоқ. Арқалық бар және бола да береді. Боксит қоры сарқылғанмен оны алмастыратын "Құс фабрикасы", "Нұржайлау НС" сияқты ірі-ірі инвестициялық жобалар қарқын алуда. Алдағы уақытта бірнеше осындай жобаларды іске асырмақшымыз. Сондықтан да себепсізден себепсіз байбалам салу бұл жерде артық, – деді аймақ басшысы жігерлі үнмен. Сол сәтте үнсіз бір демде тыңдап отырған халық дүр сілкініп, қол соғып, көңілдері орнына түскендей болды. Одан әрі Нұралы Садуақасов қала болашағына қатысты өз ойын айта отырып:
– Мұндай көңіл күймен ісіміз жалғаса берсе, бұл өңірдің экономикасы дамығанның орнына құлдырайды. Оған ең алдымен қала әкімі жауап береді. Оның алдында небір өзекті мәселелер тұр. Соны өз уақытында орындау қажет, – деді өңір басшысы мәжіліске жиналған қауымның алдында. – Сондықтан да Сізге қарата айтылған сындардан қорытынды шығарыңыз.
Осындай жауапты тапсырма алған қала әкімі Ғазиз Бекмұхамедов алдағы уақытта бұл мәселелермен тиянақты айналысатынын жеткізді.
Нұрболат
        МЕШІТБАЕВ
СУРЕТТЕ: Облыс әкімі Арқалық қаласы жылу электр станциясының жұмысымен танысуда.
Өңір басшысы жаңадан ашылған "Нұр Ая" дүкенінде
Родина ауылындағы жаңадан ашылған амбулаторияда
 
 

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓